Шайбалы хоккейден ӘЧ: Латвия алғаш рет Чехиядан басым түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 2023 жылғы әлем чемпионатында Латвия құрамасы Чехияны жеңіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шайбалы хоккейден ӘЧ: Латвия алғаш рет Чехиядан басым түсті

Үшінші ойын күнінде тартысты бәсекелер өтті. Қазақстан құрамасы сынға түсетін В тобында екі ойынның нәтижесі белгілі болды.

Әлемдік хоккейде жоғары бағаланатын Канада үшінші кездесуде Словакияны әрең жеңді. Негізгі кезеңде қарсыласымен 1:1 есебімен тең ойнап, жеңімпаз буллит арқылы анықталды. Бұл жолы канадалықтар хоккейшілердің мерейі үстем болды. Қорытынды есеп - 2:1.

Ал Латвия құрамасы өз тарихында алғаш рет Чехиядан басым түсті. Қазірге дейін құрамалар 10 мәрте кездескен. Соның 9-да чехиялықтар жеңіске жетсе, 1-де тең нәтиже тіркелді. Бүгін латвиялықтар овертаймда аталған қарсыласын 4:3 есебімен сүріндірді.

Айта кетсек, Чехия былтыр әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған еді.

Ал А тобында АҚШ құрамасы жеңісті жолын жалғастырды. Үшінші кездесуде олар Германияны 3:2 есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесінде бірінші орынды сақтап қалды.

Тағы бір кездесуде өткен жылы әлем чемпионы Финляндия биылғы турнирде екінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. Олар буллиттен Швецияға есе жіберді. Қорытынды есеп - 1:2.

Айта кетсек, Қазақстан құрамасы бұған дейін буллиттен Норвегияны 4:3 есебімен жеңсе, Чехиядан 1:5 есебімен жеңіліп қалды.

Енді қазақстандық хоккейшілер 16 мамырда Швейцариямен шеберлік байқасады.