Шеберлер маркетплейсі: Қолөнер бұйымдарын сататын цифрлық платформа таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Енді қазақтың қолөнер бұйымдарын бір жерден таңдап, елдің кез келген өңіріне тапсырыспен алдыруға болады. Астанада отандық шеберлердің өнімдерін сатуға арналған «Sheber» цифрлық платформасы таныстырылды. Жаңа жоба қолөнершілерге кең нарыққа шығуға, ал сатып алушыларға — ұлттық нақыштағы төл туындыларды алыпсатар көмегінсіз оңай табуға мүмкіндік береді.
Жоба «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асып жатыр. Бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнесті, соның ішінде өңірлер мен ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында қолға алынған.
Таныстырылымда сөз сөйлеген ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Әсел Жанасова қолөнершілер еңбегінің қоғамда лайықты бағалануы мен олардың кәсібін дамытуға нақты экономикалық мүмкіндіктер жасаудың маңыздылығын атап өтті.
— Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Адал әрі қажырлы еңбегімен табысқа жеткен адамдар әрдайым құрметке бөленіп, еңбегі лайықты бағалануға тиіс», — деп атап өткен болатын. Мемлекет еңбек адамын жүйелі түрде қолдап, оның кәсіби шеберлігін шыңдауына және өз ісін дамытуына жағдай жасап келеді. Бүгінгі іс-шара мен SHEBER платформасының іске қосылуы — осы мемлекеттік саясаттың іс жүзіндегі тағы бір көрінісі. Қазақстанның әр өңірінде талантты қолөнершілер бар. Олардың жасаған бұйымдары көпшіліктің құрметі мен жоғары бағасына әбден лайық. Ендігі міндетіміз — оларға өз сатып алушыларын табуға көмектесу, тұрақты тапсырыстар алуына жағдай жасау және өндіріс көлемін кеңейтуге мүмкіндік беру, — деп атап өтті Әсел Жанасова.
Қолөнершілерге жаңа нарық
«Sheber» платформасының басты мақсаты — еліміздегі қолөнер шеберлері мен олардың өнімдерін кең аудиторияға таныстыру. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, шеберлер алдындағы басты кедергінің бірі — ірі қалаларда нарық табу.
— Өңірлерге жасаған сапарларымда сапалы әрі өзіндік ерекшелігі бар өнімдер шығаратын, өндіріс көлемін кеңейтуге дайын шеберлермен кездесемін. Олардың басты сұранысы — өткізу нарықтарына қол жеткізу. Шеберхананың тұрақты бизнеске айналуы үшін тұрақты тапсырыстар, жолға қойылған логистика және сауда желілеріне шығу мүмкіндігі қажет. Біз SHEBER бағдарламасы арқылы дәл осындай жүйені қалыптастыруды көздеп отырмыз, — деп жеткізді Қанат Шарлапаев тілшілерге берген сұхбатында.
Заманауи тілмен айтқанда, бұл маркетплейс. Бірақ ол тек қазақстандық шеберлердің дәстүрлі қолөнер бұйымдарын ілгерілетуге арналған. Мұнда былғарыдан, керамикадан, саздан жасалған және басқа да қолөнер туындылары ұсынылады.
Шеберлермен жұмыс істеу үшін «Атамекен» Қазақстанның барлық 20 өңіріндегі кәсіпкерлер палаталарының желісін іске қосады. Бағдарламаның негізіне екі мыңнан астам кәсіпкерді біріктірген «Бір ауыл — бір өнім» жобасының тәжірибесі де алынады. SHEBER осы жұмысты кеңейтіп, жергілікті бастамаларды ұлттық ауқымдағы сауда инфрақұрылымымен байланыстырады.
Шеберлерден комиссия алынбайды
Жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі — шеберлер үшін өнімдерін орналастыру тегін. Платформада сатылған тауардан комиссия ұсталмайды, ал төлем сатушының тікелей есепшотына түседі.
Әзірлеушілер мәліметінше, қазіргі уақытта платформаға 100-ден астам қолөнерші тіркелген. Дегенмен еліміздегі шеберлердің нақты саны бұдан әлдеқайда көп.
Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, ресми кәсіпкер ретінде тіркелмеген, өнімдерін көбіне қолма-қол ақшаға сататын шеберлер де бар.
— Осы тұрғыдан алғанда, «Sheber» тек сауда алаңы емес, қолөнер саласындағы кәсіпкерлікті ашық жүргізуге ынталандыратын құрал ретінде қарастырылып отыр. Цифрлық формат шеберлерге өз өнімдерін жүйелі түрде сатуға, тұтынушылармен байланыс орнатуға және кәсібін дамытуға жағдай жасайды, — деді мобильді қосымшаны әзірлеуші маман Наджибулла Ғабибуллаұлы.
Өнімдерді сату маркетплейстер, бөлшек сауда желілері, әуежайлар, музейлер мен туристік нысандар арқылы дамытылады деп жоспарлануда. Байқау негізінде іріктеу және бизнес өкілдерінің алдын ала тапсырыстары өндірушілерге сұранысты дәлірек бағалауға, материалдар сатып алуды және өндіріс көлемін жоспарлауға мүмкіндік береді.
ЖИ шеберлердің жұмысын жеңілдетеді
Платформаны әзірлеушілер қолөнершілерге өнімдерін орналастыруды барынша жеңілдетуге тырысқан. IT-маман Н. Ғабибуллаұлының айтуынша, «Etsy» секілді басқа да шетелдік маркетплейстерге шығатын функционалдар пайда болып жатыр.
— Шеберлерге ыңғайлы болуы үшін жеке кабинет әзірледік. Жасанды интеллектінің көмегімен тауардың сипаттамасын дайындап, сурет-видеоны өңдеп, қажетті тегтерді қосуға болады, — деді ол.
Платформаның басты бетінен де қажетті бұйымды іздеу жеңілдетілген. Мәселен, «Әкеге сыйлық», «Анаға сыйлық» немесе «Шетелден келген қонаққа сыйлық» секілді топтамалар әзірленіп, адам өзі іздеген өнімді таңдай алады. Бұл ұлттық нақыштағы бұйымдарды тек күнделікті тұтыну заты ретінде емес, ерекше сыйлық ретінде де ұсынуға мүмкіндік береді.
Тапсырыс Қазақстанның кез келген өңіріне жеткізіледі
Платформада тауарды төлем картасы арқылы сатып алуға болады. Жеткізу қызметіне «Қазпошта» мен Yandex жеткізу қызметі тартылған. Бұл әсіресе ірі қалалардан шалғай орналасқан ауылдардағы шеберлер үшін маңызды.
Қ. Шарлапаевтың айтуынша, жеткізу қызметінің қолжетімді болуы — жобаның негізгі шарттарының бірі болған. «Қазпоштаның» елді мекендердегі бөлімшелері арқылы қолөнершілер өнімдерін барлық өңірге жеткізу мүмкіндігі қарастырылған.
Жобаны іске асыруға банктер мен ірі бизнес өкілдері де демеушілік көрсеткен. Алдағы уақытта платформаның мүмкіндіктерін кеңейтіп, қазақстандық қолөнер бұйымдарын халықаралық сауда алаңдарына шығаруға жағдай жасау көзделіп отыр.
Еске сала кетсек, «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасының бейнесабақтары YouTube желісінде жарияланды.
Астанада ашылған «Ең әдемі киім — ұлттық киім» көрмесінде XIX ғасырдан жеткен жәдігерлер мен тарихи үлгіде тігілген жаңа туындылар көпшілікке ұсынылды.