Шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес науқаны сәтті аяқталды — АШМ
АСТАНА. KAZINFORM — Республика аумағында егістік алқаптарына, жайылымдар мен шабындықтарға шегірткеден зиян келген жоқ. Бұл туралы АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин айтты.

— Жалпы шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күресті уақытылы және сапалы ұйымдастыру — еліміздің азық түлік азық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы басым бағыттардың бірі. Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, барлық қажетті шараны қабылдады. Биыл республика аумағында үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес шаралары 2,7 млн гектар алаңда жүргізіліп, бүгінде еліміздің барлық өңірінде өңдеу жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 400 мың гектарға төмен, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, шегірткемен күрес шараларын уақытылы және сапалы жүргізу мақсатында аталған бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін барлық өңірде облыс әкімінің өкімімен облыс әкімі орынбасарлары басқаратын жедел штабтар, әр аудан, қалаларда арнайы жұмыс топтары құрылды. Арнайы жол картасы әзірленді. Зерттеу жұмыстарына 4 625 адам тартылды.
— Биыл өңдеу жұмыстарына 443 арнайы техника жұмылдырылды. Оның ішінде 239 жер үсті бүріккіш техника, 100 газогенератор, 24 жеңіл ұшақ, 31 аса жеңіл ұшақ және өзінің жоғары тиімділігін көрсеткен 49 агродрон бар. Биологиялық тиімділігі жоғары пестицидтер қолданылды. Сонымен қатар, шегіртке мәселесі бойынша азаматтардың өтініштерін жедел қарастыру үшін арнайы колл-орталығы мен телеграмм-бот каналы жұмыс істеді, — деді комитет төрағасының орынбасары.
Саят Сақмолдин Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай мемлекеттерімен екі жақты келісімдер аясында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы қорғау шараларын жүргізу бойынша бірлескен зерттеулер, онлайн-кеңестер және шегірткенің таралуы жөнінде ақпарат алмасу жүйелі түрде жүргізіліп отырды.
— Жүргізілген шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына және шегірткелердің көршілес мемлекеттердің шекаралас аумақтарына қоныс аударуына немесе ұшып келуіне жол берілмеді. Республика аумағында егістік алқаптарына, жайылымдар мен шабындықтарға шегірткеден зиян келген жоқ. Биыл жылы шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес науқаны сәтті аяқталды деп айтуға болады, — деді ол.
Айта кетелік министрлік шегірткенің кесірі егін шығымына әсер етпейтінін айтқан еді.