Шегіртке Түркістан облысының шаруаларын әбігерге салды - фоторепортаж

Түркістан
Фото: Қайрат Зайнишев\Kazinform

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бүгінде түркістандықтарды шегірткенің көбейіп кетуі қатты алаңдатып отыр. Әсіресе, Арыс, Сарыағаш, Шардара аудандарының тұрғындары мен шаруаларын шеріткелер әбігерге салып жатыр. Зиянкес жәндікті жою мақсатында өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстармен Kazinform тілшісі де танысып қайтты.

Жүйткіген көлікпен Арыс қаласы аумағында орналасқан Қожатоғай ауылы маңындағы шегіртке ошағына барып тоқтадық. Жердің барлығында аталған жәндік өліп жатыр. Алқап түнімен уланғандықтан шегірткелер қырылып қалған.

Түркістан
Фото: Қайрат Зайнишев\Kazinform

Мамандардың айтуынша, залалсыздандыру жұмыстары қазіргі кезде тек түнгі уақытта жүргізіледі. Себебі, күндіз шегірткелер ұшып жүретіндіктен, оларға дәрі себу тиімсіз. Сондықтан сағат 19:00-де басталған өңдеу жұмыстары сағат 08:00-ге дейін жалғасады. Ұшақтар да сағат 04:00-ден 08:00-ге дейін дәрі себеді. 

Түркістан
Фото: Қайрат Зайнишев\Kazinform

«Кешкісін қонған жерлерін анықтап алып, үстінен өңдейміз. Ал, көліктер күндіз егістік алқаптарының алдында тұрып, шегірткеге қарсы дәрі себеді. Яғни, түнімен өңдеуге шабуылға шығамыз, ал күндіз қорғанамыз», - деді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов. 

Қазіргі кезде шегірткемен күреске Түркістан облысында 4 ұшақ жұмылдырылған. Оның біреуі Сарыағашта болса, тағы біреуі Шардарада, ал екеуі Қожатоғайда жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, 64 техника жер үсті залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дәрілік препараттар да жеткілікті, тіпті артығымен алынған. Ұйымдастыру жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізіліп отыр.

Егістік алқабы
Фото: Қайрат Зайнишев\Kazinform

Жалпы Қожатоғай ауылы Арыс қаласынан шамамен 80 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі қауын-қарбыз егіп күнелтеді. Қазіргі кезде мұндағы шаруалар жаз бойы еткен еңбегінің жәндіктерге жем болуынан қорқып отыр. Желіде тараған видеоларда диқандардың егістік алқабын от жағып, түтін түтетіп қорып жүргенін көруге болады. Солардың бірі Қожатоғай ауылының тұрғыны Нүрпейіс Матытов. Шаруа 3,5 гектар жерге еккен қарбызын қорғау үшін алғашқы кезде жүруге жарамды көлігінің дөңгелектеріне дейін жағып жіберіпті. Ал, кейіннен арнайы құрылған штаб тарапынан залалсыздандыратын көліктер келіп, жерін өңдеп берген.

«Арнайы техниканы егістікке қойып қойды. Жігіттер жұмыс істеп жатыр. Шаруалардың да, сіздердің де еңбектеріңіз жансын», - деді Нүрпейіс Матытов.

Қазіргі таңда Қожатоғай ауылдық округінде 42 техника жұмыс істеп жатыр. 15 техника мердігер мекеме «Satti tulik» ЖШС-не тиеселі болса, 20 техника көршілес аудандардан көмекке келген. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлерде өз техникаларын жұмылдырып отыр. Ал, 12 техника ветеринарлық қызмет саласыныкі. Ауылдағы мектепте штаб құрылған. Онда жалпы 204 адам күнделікті жұмыс істеп жатыр.

Егістік
Фото: Қайрат Зайнишев\Kazinform

«Жағдай оңай емес. Өте қиын. Бірақта біз жұмысты жүйелі жасағандықтың арқасында баршасына үлгеріп жатырмыз. Қосымша ұшақ керек екен. Оны бір-екі күнде шешіп береміз. Осында 4-5 күн бұрын қиын жағдай болған. Шегірткенің көптігінен жүруге болмайтын еді. Бұлт сияқты үстімізде тұратын. Қазір 90 пайызы кетті деуге болады. Нәтижелі болады деп сенеміз», - деді Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров. 

Егістік
Фото: Қайрат Зайнишев\Kazinform

Сондай-ақ, министр келесі жылы шегірткемен күреске дрондар жұмылдырылатынын жеткізді. 

«Жалпы 100 дрон аламыз деп жоспарлап отырмыз. Дронды көрдік, нәтижесі жақсы. Жаңа технологияға көшпей болмайды», - деді Айдарбек Сапаров.

Ал, шегірткеден зардап шеккен шаруаларға мемлекеттен екі бағытта көмек берілмек. Бірінші бағыт бойынша шаруаның егістік алқабы сақтандырылуы тиіс. Сонда, шығын қайтарылады. Ал, сақтандырылмаған жағдайда диқандар жеңілдетілген несие ала алады. 

Егістік
Фото: Қайрат Зайнишев\Kazinform

Ауыл шаруашылығы министрі шегіртке зиянкестеріне қарсы өңделетін жерлерді анықтау және өңдеу мәселелері ведомствоның ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Жалпы өңірде шегіткені көбейіп кеткеніне табиғат жанашырлары да алаңдаулы. Мәселен, экобелсенді Ғани Назарбек барлық жұмыс біткен соң, арнайы комисия құрылып, атқарылған жұмыстың бағасын беру керек деген пікірде.

Түркістан
Фото: Қайрат Зайнишев\Kazinform

«Ең бастысы қатемен жұмыс жасалуы керек» - дейді ол.

«Бұл бір адамның айтатын шаруасы емес, сондықтан арнайы комиссия құрылуы керек. Негізі шегірткемен күресетін қызметті мемлекетке қайтару керек деп ойлаймын. Себебі, мемлекеттік мекеме болса, біріншіден техниканы жалға алмайды, ал, екіншіден өз штатындағы адамдармен-ақ күн жылынысымен жұмысты бастай береді. Ал, жеке мекеме конкурстан ұтып алған қаржыны игерсе жеткілікті. Мемлекеттік органдар барлық жұмысты біліп отыр, бірақ әрекет жасайын десе қолында жұмыс істейтін маман да, дәрі-дәрмек те, техника да жоқ», - дейді табиғат жанашыры.

Соңғы жаңалықтар