Шегірткеден шығын болды деген дерек жоқ — Айдарбек Сапаров

Айдарбек Сапаров
Фото: Рrimeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Шегірткеге қарсы препарат жеткілікті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті.

«Шегірткеге қарсы күрес жұмыстарына қаражат пен препараттар жеткілікті. Вице-премьер Серік Жұманғаринмен бірге өңірлерді аралап жүрміз. Жалпы, бір ауылға шегіртке кіріп кетті, үлкен шығын келтірді деген дерек болмады. Бекітілген жоспар бойынша нақты жұмыс жалғасып жатыр», — деді А. Сапаров Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, көрші елдермен шекарада шегірткенің таралуына тосқауыл қою мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.

«Қазір шегірткеден келген шығын жоқ. Егер шегіртке таралып кетсе, шығынды анықтау әдістемісін даярлап, шығын сомасын есептейміз», — деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан мен Ресей шекарасы маңында шегірткеге қарсы күрес жұмыстары жүріп жатыр. 

Өзбекстанның бірнеше өңірінде, оның ішінде Қазақстанмен шекаралас аймақтарда қаптаған шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмысы үздіксіз атқарылып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар