Шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 90%-дан асты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен шегірткенің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.

Шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 90%-дан асты
Фото: ҚР үкіметі

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Түркістан және Жамбыл облыстарында мароккалық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта 15 өңірде итальялық прусқа және 8 өңірде азиялық шегірткеге қарсы күрес шаралары жалғасып жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, шекаралас аумақтардағы шегіртке ошақтары мен көршілес елдерден ұшып келу қаупіне байланысты тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр.

«Қытай мен Қырғызстан тарапынан қауіп жоқ. Ресей мен Өзбекстанмен шекаралас аймақтарда тексерулер жүргізіліп жатыр. Ошақтар анықталған жоқ. Көршілес елдердің мамандарымен бірлесіп зерттеу жұмыстары жалғасуда», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Сонымен қатар штаб отырысында 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарының қорытындысы шығарылды.

Жалпы егіс алаңы 23,7 млн гектарды құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар – 15,6 млн гектарға, майлы дақылдар – 3,4 млн гектарға, жүгері – 168 мың гектарға, картоп – 127,8 мың гектарға, қант қызылшасы – 17,7 мың гектарға егілді.

Осыған дейін Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында шегірткеге қарсы бірлескен тексеру басталғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар