Шегірткеге қарсы күрес шаралары 844 мың гектар аумақта жүргізілді
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылғы 31 мамырдағы жедел деректерге сәйкес, Қазақстан аумағында үйірлі шегіртке зиянкестерінің бар-жоғын анықтау мақсатында 5,6 млн гектар ауыл шаруашылығы жері зерттелді. Оның ішінде 844 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары аяқталуға жақын. Онда 371 786 гектар жер өңделді. Қазіргі уақытта аумақты толық тазартылып жатыр.
Жамбыл облысында марокко шегірткесіне қарсы шаралар толық аяқталды. Сонымен қатар итальяндық прусқа қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 27 898 гектар аумақта жалғасуда. Үйірлі шегірткеге қарсы күрес шаралары еліміздің 15 өңірінде белсенді түрде қолға алынды.
Болжам бойынша, 2025 жылы Қазақстан аумағында үйірлі шегіртке зиянкестері 2,1 млн гектарға дейін жерді басып алуы мүмкін. Ең жоғары қауіп Қостанай, Ақтөбе, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында сақталып отыр.
Жалпы, 443 бірлік арнайы өңдеу техникасы жұмылдырылды, оның ішінде 55 жеңіл авиациялық ұшақ пен 49 дрон бар.
Жергілікті жерлерде жұмыстарды облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар үйлестіруде. Мониторинг пен күрес шараларына 4 625 маман тартылды.
Шегіртке зиянкестері ошақтарын анықтау және жою бойынша кешенді шаралар жоспарлы түрде жалғасып жатыр.