Шегірткемен күрес: министр авиация санын арттыруды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Айдарбек Сапаров Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы шегірткеге қарсы іс-шараларды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылорда қаласында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен Қызылорда және Ақтөбе облыстары аумағында шегірткеге қарсы күрес шараларын жүргізу мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңеске Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты, сондай-ақ бейнебайланыс режимінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің өкілдері, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров және екі облыстың аудан әкімдері қосылды.
— Аймақтағы жағдаймен таныстым. Қолайсыз ауа райына қарамастан, өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр Шегірткелер бар, бірақ егістік алқаптарында емес. Жұмысты күшейтіңдер, авиация санын арттырыңдар. Егер ауа райы мүмкіндік бермесе — жерүсті техникасын көбірек тартыңдар, — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
АӨК-дегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сәкен Қаныбековтің айтуынша, Қызылорда облысында өңдеуге жоспарланған жалпы аумақ 60,024 мың гектар. 27 мамырдағы жағдай бойынша жоспарланған 19 мың гектардың 13 мың гектары өңделді. Жұмысқа 4 ұшақ, 2 жеңіл ұшақ, 4 дрон және 12 жерүсті желдеткіш қондырғысы жұмылдырылған.
Ақтөбе облысында өңдеуге жоспарланған аумақ 512,960 мың гектар, оның ішінде 52 мың гектарға жуық жер өңделді. Өңірде ұшақтар, желдеткіш қондырғылар мен аэрозоль генераторлары — жалпы 45 техника жұмылдырылған.
Кеңес барысында өңірлер өкілдерінің баяндамалары тыңдалып, өзекті мәселелер мен ұйымдастыру жұмыстары талқыланды.
Кеңесті қорытындылай келе, министр химиялық өңдеулердің сапалы және уақтылы жүргізілуінің, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтудің және барлық тиісті құрылымның жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
— Шегірткемен күрестің тиімділігі үйлестірілген әрі жедел әрекетке тікелей байланысты. Барлық тапсырмалар қатаң бақылауға алынуы тиіс, — деді Айдарбек Сапаров.
Айта кетелік Қарағанды облысында үйірлі шегірткеге қарсы фитосанитариялық шаралар жүргізіліп жатыр.