Шекара қызметінде әскери тәртіпті бұзудың 55 дерегі тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Шекара қызметіндегі әскери жарғы мен тәртіптен тыс іс-қимылдар немесе әлімжеттік оқиғаларының басым көпшілігі мерзімді әскери қызметшілер арасында анықталды. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінен мәлім етті.
2020 жылдан 2024 жыл кезеңінде әскердегі тиісті тәртіпті елмеудің 55 дерегі тіркелді. Олардың басым бөлігі мерзімді әскерге шақырылғандар арасында орын алған, яғни 45 оқиға анықталды. Ал қалған 10 жағдай келісімшарт бойынша сарбаздар мен мерзімді әскери қызметшілер арасында тіркелді.
Анықталған қылмыстардың жыл сайынғы көрсеткіші мынадай:
- 2020 жыл – 8 (мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар арасында – 5, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен мерзімді әскери қызметшілер арасында – 3);
- 2021 жыл – 9 (мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар арасында – 8, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен мерзімді әскери қызметшілер арасында – 1);
- 2022 жыл – 19 (мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар арасында – 18, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен мерзімді әскери қызметшілер арасында – 1);
- 2023 жыл – 14 (мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар арасында – 10, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен мерзімді әскери қызметшілер арасында – 4);
- 2024 жыл – 5 (мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар арасында – 4, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен мерзімді әскери қызметшілер арасында – 1);
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің хабарлауынша, әскери қызметшілер арасында заңсыз әрекеттерге жол бермеу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
«Бөлімшелердің шалғайда орналасқанын ескере отырып, лауазымды қызметкерлер оқу-тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыруда практикалық көмек жасау үшін тұрақты түрде әскери бөлімшелерге барады. Психологтар моральдық-психологиялық жағдайды зерделеу мен оны жақсарту мақсатында зерттеулер жүргізеді», - делінген Шекара қызметі мәліметінде.
Еске салсақ, Қиялы шекара заставасында әріптесін атып, қамауға алынған әскери қызметші сотталды. Жақында сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Оқиға былтыр желтоқсан айында болды.