Шекара маңынан жанармайды заңсыз әкету 50 пайызға қысқарды – агенттік

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігі шекара маңындағы аумақтардан бензинді әкету мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

бензин
Фото: ҚМА

Кеңеске ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Экспорттық бақылау басқармасының басшылығы қатысты.

Жиында «Өткізу» жедел-алдын алу іс-шарасының аясында жүргізілген бірлескен жұмыстардың қорытындылары шығарылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде бензинді заңсыз әкету фактілері 50 пайызға қысқарғаны айтылды.

- Атап айтқанда, АИ-92 маркалы бензинді шекарадан заңсыз алып өтпек болған 534 әрекеттің жолы кесіліп, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, отын тасымалдауға бейімделген көлік құралдарының елге қайта кіруінің 865 әрекеті тіркелген, - деп жазылған деректе.

Кеңес қорытындысы бойынша қатысушы ведомстволар мұнай өнімдерін шекарадан заңсыз әкетуге қарсы күресті жүйелі түрде жалғастырып, өзара үйлестіруді күшейту туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, еліміздегі жанармай стансалары келер жылдан бастап тексеріледі.

Соңғы жаңалықтар