Шекарадағы электронды кезек – Мемлекеттік кірістер комитеті түсініктеме берді
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті жүк көліктерінің Қазақстан шекарасынан өту тәртібіне қатысты түсініктеме берді. Енді бұл үдеріс автоматтандырылған электронды кезек арқылы жүзеге асады, деп хабарлайды KazInform тілшісі.

Кезекпен – ереже бойынша, кезексіз – 100 АЕК
2023 жылдың 27 маусымындағы №707 бұйрыққа сәйкес, электронды кезек жүйесі барлық жүк көліктеріне қатысты қолданылады. Яғни, тіркемесі бар немесе тіркемесіз көліктер, оның ішінде тіркеме сүйрейтін көлік құралы (седельный тягач) да осы жүйе арқылы шекарадан өтеді. Кезекке көлік иесінің өзі немесе жүргізуші тіркеле алады.
– Кәдімгі электронды кезекпен шекарадан өту ақысы – 1 айлық есептік көрсеткіш. Ал кезексіз (жедел) өту – 100 АЕК, – делінген комитеттің ресми жауабында.
Алайда, шекарадан кезексіз өту мүмкіндігі шектеулі: күндік өткізу мүмкіндігінің 15 пайызынан аспауы керек. Яғни, сұраныс көп болған күннің өзінде, жүргізушілердің көбі бұл қызметті пайдалана алмай қалуы мүмкін.
Жол жөндеу жұмыстары мен жаңа күту аймақтары
Мемлекеттік кірістер комитеті шекарадағы жағдайдың әлі де ретке келмегенін жасырмайды. Мысалы, басты өткізу бекеттерінің бірі – «Жайсан» пункті күніне бар болғаны 300 жүк көлігін ғана өткізе алады. Ал осы бекетке апаратын республикалық маңыздағы А-24 жолының бір бөлігі әлі жөнделіп жатыр. Жөндеу жұмыстары биыл шілденің ортасында ғана аяқталады деп жоспарланған.
Мұндай инфрақұрылымдық қиындықтар цифрлық жүйелердің тиімділігін шектейді. Электронды кезек енгізілгенімен, жол мен өткізу бекетінің тарлығы сияқты нақты мәселелер әлі де шешілмей отыр.
– Осы жүктемені азайту үшін Мәртөк ауданының әкімдігі шекара маңынан 11 гектар жер бөліп, сол аумақта көліктерге арналған күту аймағын салуға шешім қабылдаған. Құрылыс жұмыстарын жүргізетін компания да таңдалып қойған, – деп хабарлады комитет.
Төлем жасаудың төрт тәсілі
Электронды кезек жүйесінің қызметіне төлем жасаудың төрт түрлі тәсілі қарастырылған. Олар: • Kaspi.kz арқылы QR-кодпен төлеу; • eGov электронды үкімет порталы (Visa, MasterCard, Maestro, American Express карталары жарайды); • Halyk Bank-тің онлайн төлем қызметі; • Шетелдік банктердегі есепшоттардан тікелей аударым жасау арқылы.
Алайда бұл жүйе әзірге интернеті тұрақты және банктік қызметтерді белсенді пайдаланатын адамдар үшін ғана ыңғайлы. Ал шалғай елді мекендердегі кейбір жүргізушілер мен жекелеген тасымалдаушыларда тұрақты интернет те, банк шоты да болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда бұл жүйемен жұмыс істеу қиындық туғызуы бек мүмкін.
Электронды кезек жүйесінің операторы – “Ақпараттық-есептеу орталығы” АҚ. Бұл мекеменің 100% акциясы ҚР Қаржы министрлігіне тиесілі.
Жүйе сынақтан өтіп, пилоттық жобада тексерілді
Электронды кезек жүйесі кезең-кезеңімен енгізілді. Пилоттық жоба ретінде ол 2022 жылғы 22 желтоқсан мен 2023 жылғы 1 шілде аралығында сынақтан өтті. Сол уақыт ішінде 126 мыңнан астам бронь жасалған.
Комитеттің мәліметінше, бұл жүйе ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді. Тестілеуді ҰҚК-нің Мемлекеттік техникалық қызметі жүргізген.
«Ақпараттық-есептеу орталығы» – бұған дейін төрт бірдей цифрлық платформаны жасап, сәтті іске қосқан тәжірибелі ұйым. Сонымен қатар қажетті техникалық құрал-жабдықтарға ие. Оған қоса ұлттық куәландыру орталығы, жеке және заңды тұлғалар дерекқоры, мекенжай регистрі секілді мемлекеттік базалармен толық интеграцияланған.
Электронды кезек жүйесінің тиімділігін арттыру үшін оператор тарапынан қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізу бастамасы көтерілген. Сонымен қатар күту аймақтарының инфрақұрылымын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында дамыту жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Қытаймен шекарада «Достық-автомобиль» жаңа өткізу пункті жұмыс істей бастады.