Шекараны заңсыз кесіп өтпек болғандар қолға түсті - ҚР ҰҚК ШҚ

Атап айтқанда, еліміздің оңтүстігінде орналасқан Сарыағаш шекара отрядына қарасты «Дархан» шекара заставасының (қазақ-өзбек шекарасы) наряды шекара қоршауын бұзып, Өзбекстан жаққа өтуге әрекеттеніп жатқан 1 азаматты байқайды. Оның ізіне түсіп ұстаған кезде, тағы да 7 сыбайласы тым-тырақай қаша жөнелді. «Зетта» деген иттің көмегінің арқасында әлгілердің 4-еуі қолға түсті. Ал үшеуін өзбек шекарашылары ұстады.
Екі ел шекарашыларының осылай бірлесе қимылдаған іс-шарасы сәтті аяқталды. Ұсталғандардың барлығы Өзбекстан азаматтары болып шықты.
Аталған дерек бойынша материалдар Сарыағаш ауданының ішкі істер бөліміне берілді.
Мемлекеттік шекараны өзінің қалауынша кесіп өтпек болған тағы бір оқиға Қостанай шекара отрядына қарасты «Қайрақ» шекара заставасының (қазақ-ресей шекарасы) аумағында орын алды. 1984 жылы туған отандасымыз мемлекеттік шекара сызығынан 50 метр жерде шекарашылардың қолына түсті. Тексере келегнде, «Владимир» есімді азаматқа ресейге баруға жол жабық екендігі белгілі болды. Сол себепті, ол кісі осылайша әрекет етуге мәжбүр болыпты.
Оған ҚР Әкімшілік-құқық бұзушылық кодексінің 514 бабының 1 тармақшасы бойынша айыппұл (5 айлық есептік көрсеткіш) көлемінде салынды.