Шекарасын таспен емес, доспен қоршаған, жас мемлекеттің аз ғана уақыт ішінде дүниежүзіне танылуы - Елбасымыздың көрегенділігі - Ауған соғысының ардагері
- деді бүгін Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының XIII съезінде сөйлеген сөзінде.
Б.Смағұлдың айтуынша, құс патшасы - қыранын қалықтатып, әнұранын байыппен шарықтатып, көк байрағын алтын тұғырына қондырып, ынтымағы жарасқан, бүкіл әлем санасқан, тәуелсіз ел ретінде шекарасын таспен емес, доспен қоршап, ол елдің аз ғана уақыт ішінде дүниежүзіне танылуы - Елбасымыздың көрегенділігі.
«Сондықтан да партиямыздың төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс сайлауға кандидат болуын барша қазақстандықтар, барша нұротандықтар қолдайды. Біз Ауғанстан соғысының ардагерлері небір сұмдық оқиғаларды бастан өткеріп, оның азабын да тарттық. Снарядқа жем болған боздақтардың дене мүшелерін әр тастың, әр бұтаның түбінен теріп, жинап алған кезіміз де болды. Сол себептен де біз бейбіт өмірдің, қазіргі Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадір-қасиетін жақсы түсінеміз», - деді ардагерлер қауымдастығының төрағасы.
Оның пікірінше, қазіргі заман - өте күрделі заман. Әлемде түбі бір елдердің оңтүстік-солтүстік болып қырқысып, ұлтты ұлтқа, нәсілді нәсілге, аймақты аймаққа айдап салып жатқан уақыттың өзгерісі де мол, жаңалығы да қат-қабат. «Сондықтан да осындай аумалы-төкпелі кезеңде жаһандық өзгерістерге жедел бейімделе алатын, іскер, өмірден көргені көп, түйгені де мол бейбіт өмір сыйлаған Елбасымызға рахмет айтуымыз керек», - деді Б.Смағұл.