Шектен тыс урбанизацияны баяулатудың жолдары қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі мегаполистерге миграция ағыны өте жоғары. Ірі қалаларда халық саны өскенмен, әлеуметтік сектор қарқынға ілесе алмай отыр.

день защиты детей, парк, семья, люди, дети, балалар қорғау күні, саябақ, балалар, адамдар, отбасы
Фото: Александр Павский / Kazinform

Бұл жөнінде Экономикалық зерттеулер институтының 65 жылдығына арналған дискуссиялық жиын барысында бас ғылыми қызметкер Сара Алпысбаева мәлімдеді.

— Астана, Алматы тәрізді мегаполистерге миграция аса қарқынды жүріп жатыр. Бірақ бұл шаһарлардың өндірістік қуаты қазіргідей халық ағынын көтермейді. Былай қарасаңыз, қала жұртының саны өсіп, урбанизация жүріп жатқан сияқты. Бірақ соншама бұқараның жұмыспен қамтылуы және т. б. әлеуметтік мәселелердің шешілу деңгейі жоғарыламай отыр. Салдарынан экономика ғылымында «жалған урбанизация» деген жаңа термин пайда болды, — деді ол.

Біз маманнан бұл түйткілді шешу жолдарын сұрадық.

бас ғылыми қызметкер
Фото: Экономикалық зерттеулер институты

— Бұл сауалға жауап беру қиын. Бұған дейін ірі қалаларға, соның ішінде Астанаға миграцияны шектеуге талпынған әрекеттер болды. Меніңше, бұл — адам құқығын бұзатын іс. Себебі, әр азамат өз еліндегі қай шаһарда тұрып, жұмыс істейтінін таңдауға құқылы, — деп түсіндірді зерттеуші.

Содан соң, ол Қытай тәжірибесін мысалға келтірді. Бүгінде Шэньчжэнь шаһарында 18 миллиондай адам тұрады.

— Шэньчжэньде өмір сүру деңгейі, жалақы жоғары. Сырттан бір маман келсе, оған әуелі жұмыс ұсынып, жағдайын жасайды. Алайда бір жылдың ішінде салаға нақты үлесін, пайдасын көрсетуі тиіс. Егер нәтижесі көңіл көншітпесе, онда бұл азаматтың аталған қалада одан әрі тұрып, жұмыс істеуге құқығы жоқ. Бұл — Шэньчжэнь шаһарында қолданылатын тәсіл. Сол секілді әр мемлекеттің бұл бағытта өз ұстанымы, мәселені реттеудің әдісі бар, — деді Сара Алпысбаева.

Оның айтуынша, Қазақстанда бұл түйткілді шешу үшін жүйелі зерттеулер жүргізу қажет.

Айта кетейік, бұған дейін аталған сарапшының интеллектуалдық мамандық иелері курьерлерден көп табыс табу үшін не істеу керек екені жөніндегі пікірін жариялағанбыз.