Шенеуніктер қатерлі ісікке шалдыққан ананың өтінішін орындады
№11 қалалық емхананың базасындағы «Нұр Отан» партиясының қабылдауында Жетісу ауданының мүмкіндігі шектеулі азаматтары болды.
Қабылдауды Жетісу ауданында орналасқан 3 мекеменің бас дәрігері «Нұр Отан» партиясының «Денсаулық» бастапқы партия ұйымының төрағасы, №11 емхананың бас дәрігері Майра Жүнісова, №21 емхананың бас дәрігері Төкеева Нұржамал, «Құлагер» орталығының бас дәрігері Ұлмекен Омарова бір мезетте жүргізді.
«Кездесуде 2-3 топтағы мүмкіндігі шектеулі адамдар болды. Бұл азаматтар өздерін алаңдататын мәселелерімен бөлісті. Атап айтқанда, «Оңай» картасымен қамтамасыз ету, медициналық мекемелердегі дәрігерлердің жиі ауысатындығы туралы айтылды. Енді, әрине қазір дәрігерлік қызметте негізінен жас мамандар. Жұмыс істейтін мамандар бала туу бойынша кезекті демалысқа шығуына байланысты жиі ауысады», - деді №21 емхананың бас дәрігері Нұржамал Түкеева.
Оның айтуынша, келушерді аса толғандырған дәрі-дәрмекпен уақытында қамту мәселесі екен.
«Көбіне дәрілер берілмейді немесе уақытынан кешіктіріп беріледі деген пікірлер айтылды. Фармацевтикалық компаниялар Денсаулық сақтау басқармасымен келісім-шартқа отырады. Ол келісім шарт аясында жеткізілетін уақыт, тағы басқа мәселелер бекітіледі. Сондықтан дәрімен қамту мәселесі Денсаулық Сақтау басқармасының құзырында», - деді Нұржамал Төкеева.
Қабылдауда болған азаматтарға Жетісу ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлім басшысы Ерлан Давов, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Альбисенов мүгедектік бойынша зейнетақы мөлшері, баспана кезегі туралы түсіндірді.
«Біраз нәрсенің басы ашылды. Жетісу ауданында автобус маршруттары ыңғайсыздық тудырып отыр екен. Кейбір мүгедек адамдар жеңілдікпен «Оңай» картасы берілетінін де білмейтін болып шықты. Бізге қатерлі ісікке шалдыққан әйел адам келіп шағымын айтты. Өзі күні бойы емханада болғандықтан, баласына мектепте ыстық тамақ берілуін өтінді. Мәселе бірден шешімін тапты», - деді Жетісу ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлім басшысы Ерлан Давов.