Шерзат Полат ісі бойынша келесі сот отырысы қашан және қалай өтетіні белгілі болды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полатқа қатысты келесі сот отырысы ертең, 18 сәуірде өтеді. Сондай-ақ алдағы сот отырысы қалай өтетіні де белгілі болды.

Прокурорлар келесі сот отырысын куәгерлерден бастау туралы өтініш жасады. Кейін жәбірленушілерден сосын айыпталушылардан жауап алуды сұрады.
Алайда, айыпталушылардың қорғаушылары алдымен жәбірленушілерден, одан кейін куәгерлерден жауап алуды және іс-материалдарын зерделеуді ұсынды.
Сот тараптардың пікірін тыңдап, мынандай шешім шығарды.
– Дәлелдемелерді зертеуді бірінші, жәбірленушілерден, содан кейін куәгерлерден, кейін сотталушылардан жауап алуға қаулы етемін. Арасында сол жәбірленушілер мен куәгерлерге қатысты қылмыстық іс құжаттарын зерттеу қажет болған жағдайда, зерттеуге болады, - деді судья Ержан Жанұзақов.
Келесі сот отырысы, 18 сәуір таңғы сағат 10:00-ге белгіленді.
Еске салайық, прокурор сот отырысында олардың әрқайсысына Қылмыстық кодекстің қай баптары бойынша айып тағылғанын оқыды.
Олар:
— Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі 1,4,7, 9,14-тармақтары (адам өлтіру), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу);
— Равиль Сәкиев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бап 2-бөлігі 7,9-тармақтары (адам өлтіру);
— Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық).
— Кәмелетке толмаған Дидар Ысқақ Қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша айып тағылып отыр.
Бұған дейін сотта Шерзат өлімінің негізгі себебі аталды.
Сондай-ақ Нұрқанат Ғайыпбаевтың жанжал барысында қандай жарақат алғаны айтылды.
Прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.
Биыл ақпан айында Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған.