Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс сотқа қашан жолданады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық істің материалдарымен таныстыру процесіне түсінік берді.

Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен баспасөз мәслихатында тілшілер Талғардағы Шерзат Полаттың ісіне қатысты сотқа материалдар қашан жолданатынын сұрады.
Өз кезегінде Ғ. Қойгелдиев қазір тергеу әрекеттері аяқталғанын еске салды. Материалдармен танысу жүріп жатыр.
— Бұл істің материалдарымен танысу уақыты ешқандай мерзіммен шектелмейді. Жалпы айтқанда, тергеу аясында 39 сараптама бекітілді. Сонымен қатар, жәбірленушілер мен күдіктілерден 117 жауап алу іс-шарасы болды. 36 рет көзбе-көз беттестіру ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ауқымды материал қамтылды, сондықтан оның бәріне талдау жасау керек еді. Осының бәрі зерттелді. Енді бұл материалдар танысуға жолданды және оған тиісті уақыт қажет, — деді Бас прокурордың орынбасары.
Оның айтуынша, бұған дейін ұсталған адамдардың саны өзгермеген.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Шерзат Полаттың ісі бойынша тергеу аяқталды.