Шерзат Полаттың ісі бойынша тергеу аяқталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — 16 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды.

Бұл туралы зардап шеккен отбасының адвокаттары әлеуметтік желіде хабарлаған болатын. Алматы облысының Полиция департаменті айтылған деректі растады.
— Өткен жылы 4 қазанға қараған түні болған кәмелетке толмаған адамды өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қазіргі уақытта тараптарды сотқа дейінгі тергеу материалдарымен таныстыру процесі жүріп жатыр. Тараптар танысқаннан кейін қылмыстық іс оның заңдылығын тексеру және сотқа жіберу туралы мәселені шешу үшін прокурорға жіберіледі, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір жасөспірім қайтыс болғанын жазғанбыз.
Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.
12 қазан күні түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
Прокуратура соттың ашық өтуін сұрайтындарын жеткізді.