Шерзат Полаттың ісі бойынша сотталғандар апелляциялық шағым түсірді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Зардап шеккен тараптың адвокаты Мейірман Шекеев Шерзат Полат ісі бойынша сотталғандардың жетеуі аппеляциялық шағым түсіргенін мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, 21 маусымда үкім заңды күшіне енді. Сот шешімімен танысқан күннен бастап сотталғандар мен олардың қорғаушыларына үкімге шағымдануға 15 күн беріледі.
– Қазіргі таңда бізге белгілісі – сотталушылар Белғожаев пен Думан Ысқақтан басқасы апелляциялық шағым берген. Осыған байланысты біз болашақта хабар беріп отырамыз. Қай күнге белгіленетіні жақын арада белгілі болады, — деді М. Шекеев. Еске сала кетейік, Шерзат ісі бойынша 5 маусым күні 9 күдіктіге қатысты сот үкімі шыққан еді.
Абзал Шынасыл — 23 жылға, ал Равиль Сакиев — 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған жеті адам бұзақылық үшін 1,5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге сотталды.
Бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Талғардағы резонансты оқиғадан кейін жұмбақ жағдайда қайтыс болған Нұрғанат Ғайыпбаевтың өліміне байланысты іс қай сатыда екенін айтқан болатын.