Шерзат ісі: Адвокат Жұмат Әбенов судьяға қарсы шағым түсірді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында үзіліс жарияланды, деп хабарлады ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі

Күннің бірінші жартысында сотталушы Абзал Шынасылдың қорғаушысы Жұмат Әбенов төрағалық етуші судья Ержан Жанұзақовқа қарсы шағым түсірді.
Соған байланысты Қылмыстық-процестік кодексі 87-бабының 11-бөлігіне сәйкес істі жалғыз қарайтын судьяға қарсы шағымды сот төрағасы немесе соттың басқа судьясы шешеді.
Заңның осы нормасын негізге ала отырып, шағымды сол соттың судьясы А. А. Беймбетов қарайды.
Еске салайық, Прокурор сотталушылардың әрқайсысына ҚР Қылмыстық кодекстің қай баптары бойынша айып тағылғанын атап өтті.
— Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі 1,4,7, 9,14-тармақтары (адам өлтіру), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу);
— Равиль Сәкиев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бап 2-бөлігі 7,9-тармақтары (адам өлтіру);
— Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық).
— Кәмелетке толмаған Дидар Ысқақ Қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша айып тағылып отыр.
Айта кетейік, оқиға бойынша мемлекеттік сараптама қортындысы жарияланғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ, Шерзат сотында айыпталушылар мен жәбірленушілерді беттестіру сәті көрсетілген болатын.