Шерзат ісі: айғақ ретінде тәркіленген бейнежазба жарияланды
ТАЛДЫҚОРҒАН.KAZINFORM – Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста іс материалдарын зерделеу кезеңі аяқталып, қосымша деректер жария етілді.

Сот барысында адвокат Мейірман Шекеев тергеу кезінде айғақ ретінде тәркіленген Land Cruiser маркалы көліктің бейнежазбасын көрсетті.
Аталған жазбада сотталушылардың оқиға болғаннан кейін көлік ішінде болған әңгімесі жазылған. Көлік ішінде болған куәгер қыздың да дауысы анық естіледі. Жазбада олардың жолда болған оқиғаны талқылап, алдағы әрекеттері жөнінде жоспар құрғаны естіледі.
Көрсетілген бейнежазба негізінде сотталушыларға бірқатар сұрақ қойылды.
Соның ішінде жәбірленуші тараптың адвокаты сотталушы Нұрқиясқа қанды оқиға кезінде әйелді көргені жайлы ақпаратты оқып берді. Сотталушы бұл мәліметті растады, ол бір әйелдің алдынан шыққанын айтты.
Алайда осы сәтте адвокат Мейірман Шекеев алдыңғы сот отырысында сотталушылар әйелді көрмедік деп жауап бергенін еске салды. Осы жағдай сотта айтылған бұрынғы жауаптар мен қазіргі мәлімдемелер арасында алшақтық барын көрсетті.
Еске салайық, прокурор сотталушылардың әрқайсысына Қылмыстық кодекстің қай баптары бойынша айып тағылғанын атап өтті.
— Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі 1,4,7, 9,14-тармақтары (адам өлтіру), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу);
— Равиль Сәкиев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бап 2-бөлігі 7,9-тармақтары (адам өлтіру);
— Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық).
— Кәмелетке толмаған Дидар Ысқақ Қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша айып тағылып отыр.
Айта кетейік, оқиға бойынша мемлекеттік сараптама қортындысы жарияланғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ, Шерзат сотында айыпталушылар мен жәбірленушілерді беттестіру сәті көрсетілген болатын.