Шерзат ісі: Судьяға жарияланған қарсылық қабылданбады
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.

Сот отырысы үзілістен кейін Қылмыстық-процестік кодекстің 87-бабы 11-бөлігіне сәйкес судьяға қарсы жарияланған қарсылықты судья Асқар Бейімбетов қарады.
Сот барысында қорғаушы Жұмат Әбенов тергеуші мен сарапшыларды сот отырысына шақыру жөнінде өтініш білдіріп, сотталушы Абзал Шынасылға қатысты кейбір айғақ бір-біріне сәйкес келмейтінін алға тартқан.
— Іс материалдарында оның үстіндегі киім қара түсті деп көрсетілген, алайда ол кезде Абзалдың үстінде қара-көк түсті киім болған. Сондықтан мен тергеуші мен сарапшыларды сотқа шақыруға негіз бар деп есептеймін, — деді адвокат.
Судья сот отырысына қатысушылардың пікірлерін тыңдаған соң, қорғаушы Жұмат Әбеновтің іске төрағалық етуші судья Ержан Жанұзақовқа жариялаған қарсылығын негізсіз деп тауып, өтінішті қанағаттандырусыз қалдырды.
Еске салайық, Прокурор сотталушылардың әрқайсысына ҚР Қылмыстық кодекстің қай баптары бойынша айып тағылғанын атап өтті.
— Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі 1,4,7, 9,14-тармақтары (адам өлтіру), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу);
— Равиль Сәкиев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бап 2-бөлігі 7,9-тармақтары (адам өлтіру);
— Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық).
— Кәмелетке толмаған Дидар Ысқақ Қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша айып тағылып отыр.
Айта кетейік, оқиға бойынша мемлекеттік сараптама қортындысы жарияланғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ, Шерзат сотында айыпталушылар мен жәбірленушілерді беттестіру сәті көрсетілген болатын.