Шерзат ісі: Сотта бейнеайғақтар мен куәгерлердің жауаптары талқыланды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша ашық сот отырысы жалғасып жатыр.

Бүгінгі отырыста жәбірленуші тараптың өкілі Шерзат Полаттың ата-анасы денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмайтындарын мәлімдеді.
Сот процесі барысында қылмыстық іс материалдарына айғақ ретінде тіркелген бейнежазбаларды талдау жалғасты. Осыған байланысты жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев оқиға кезінде болған екі қызды сотқа шақыру жөнінде өтініш берді. Алайда сот бұл өтінішхатты қанағаттандырмады.
Жәбірленуші тараптың кезекті қорғаушысы куәгер Арлан Қазыкеновтің тергеу барысында берген жауабын оқып шықты.
Адвокаттың айтуынша, Арлан тергеу кезінде автокөліктің ішіндегі дауыстарды танығанын және Нұрқиястың төбелес туралы айтып жатқанын естігенін мәлімдеген.
— Нұрқияс төбелес туралы айтып жатты, бірақ мен оған мән беріп тыңдамадым. Олар артқы орындықта өзара сөйлесіп отырды. Автокөлік тоқтаған кезде бір қыз төбелес туралы айтып берді. Сол кезде ғана оқиғаның мән-жайын түсіндім, — деген Арлан.
Сондай-ақ ол «Өліп қалды ма?» деген сөздерге байланысты тергеушінің сұрағына жауап беріп, бұл сөзді Равиль айтқанын, алайда кімнің өлгенін түсінбегенін айтқан. Арланның сөзіне қарағанда, Равиль өзін агрессивті ұстаған, сондықтан оны сабасына түсіру үшін «норма деді ғой» деп айтқан.
Сот отырысы барысында тергеу камерасындағы айыпталушы Равиль Сакиев пен «А» деп белгіленген азаматтың арасындағы диалог мәтіні де оқылды. Сакиев өз сөзінде оқиға орнына кейінірек келгенін және өзі пышақ не мылтық қолданбағанын айтты. Сондай-ақ бейнежазбаларда төбелестің соңғы сәттері түсірілгені, онда пышақ жарақаты мен атыс көрініс тапқаны атап өтілді.
Сондай-ақ сотталушы Равиль оқиға барысында мылтық атылған кезде біреу пышақ салып алғаны жайлы айтқан.
Равиль Сакиев: — Видишь, братан, анау, анау атқан, анау пышақ алып шыққан, и ана бала пышақ алып тығып жіберген ғой төбелесіп жатқанда ше. Анау ар жағынан атадығой мылтықпен.
«А»: — Кім?
Равиль Сакиев: — Соның братаны ғой потерпевшийдің, қайтыс болған баланың, бір мәрте атады, сол кезде ана бала тығып жібередіғой пышақты.
«А»: не знаю, не знаю короче видеоны көргенбіз біз.
Сот процесінде жәбірленуші тарап сотқа тағы бір бейнежазбаны өңдеп әкелгендерін айтып, соны баяулатып көрсету туралы ұсыныс жасады. Алайда сот бұл бейнежазбаны қараудың қажеті жоқ деп тауып, істің материалдарына тіркелмеуіне шешім қабылдады.
Судьяның айтуынша, іс құжаттарында жазбаның түпнұсқасы тіркелген және қажет болған жағдайда бейнежазбаны сот өзі қарайтынын жеткізді.
Өз кезегінде сотталушы Шыңғыс Белқожаев бейнежазбаны қайта көрудің қажеті жоқ екенін айтып, өзінің әрекетін мойындады.
— Мен нақты барып Нұрқанатты ұрдым деп айта алмаймын, мүмкін байқамай барып тиіп кеткен шығармын, — деді сотталушы.
Сонымен қатар сот барысында жәбірленуші тарап тергеу кезінде жедел уәкіл жүргізген жасырын тергеу әрекетін заңсыз деп тауып, іс құжаттарынан алып тастау туралы өтініш жасады. Ал, сотталушы тарап бейнежазбаның айғақ ретінде қалуын талап етті. Осы өтініштер бойынша сот шешімді кеңесу бөлмесінде қабылдайтынын хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін айғақ ретінде тәркіленген бейнежазба жарияланғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар судьяға жарияланған қарсылық қабылданбады.
Прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.