Шерзат соты: Нұрқанат Ғайыпбаевтың жанжал барысында қандай жарақат алғаны айтылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты басты сот отырысы өтіп жатыр.

Шерзат соты
Фото: Видеодан алынған скрин

Сот отырысы барысында прокурор айыптау актісін оқып, Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев былтыр 3-інен 4 қазанға қараған түні болған төбелес кезінде қандай жарақат алғанын айтты.

Шерзат соты
Фото: Видеодан алынған скрин

— ⁠2024 жылдың 11 қазан күні № 447-24-17 сот медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Ғайыпбаевтың атына берілген медициналық құжаттардың деректері бойынша келесі диагноз қойылған: жабық ми жарақаты, бас мидың шайқалуы, басты желке бөлігінің қанталауы, кеуде мүшелерінің жабық жарақаты, оң жақтағы бөкседегі бірнеше сұғылған-кесілген жара, бет, маңдай, шынтақ, тізенің көгеруі түріндегі дене жарақаттары анықталды, — деді мемлекеттік айыптаушы.

Алдын ала тыңдау кезінде прокурор сотталушылардың әрқайсысына ҚР Қылмыстық кодекстің қай баптары бойынша айып тағылғанын атап өтті. 

Еске салайық, былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.

Кейін ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты. 

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады. 

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды. 

Биыл ақпан айында Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған.

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Шерзат Полаттың үйінің өртенуіне қатысты тергеудің жаңа мәліметтерін айтты. 

Соңғы жаңалықтар