Шерзат соты: Нұрқанат Ғайыпбаевтың жарақатына қатысты сараптама мәліметтері жарияланды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті ашық сот отырысы өтіп жатыр.

Сот процесі барысында сот-медициналық сарапшы Өмірбек Жолымбетов марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың оқиға кезінде алған жарақаттарына қатысты түсінік берді.
Сарапшының айтуынша, сырттай тексеру кезінде Ғайыпбаевтың сол жақ көз қабағында ұзындығы 3 және 1,5 см болатын қанталау, сондай-ақ оң құлақ қалқанында ұқсас қанталау анықталған. Оған қоса желке және жамбас тұсында жарақаттар байқалған.
Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Ғайыпбаевқа жабық бас ми жарақаты, ми шайқалуы, желке тұсының қанталауы, кеуде тұсының жабық жарақаты, оң жақ бөксесінде бірнеше шаншыла-кесілген жара, сондай-ақ бет, маңдай, шынтақ пен тізе аймағындағы көгерулер сынды дене жарақаттары диагнозы қойылған.
Сараптама барысында Нұрқанат Ғайыпбаевтың жанбасында үш шаншыла-кесілген жарақат анықталған. Дененің зақым алған аймағында ірі қан тамырлары жоқ. Осыған орай олар жеңіл дене жарақаттары ретінде бағаланған.

— Сот-медициналық сараптама кезінде жарақаттардың өлшемі 1,0 және 0,1 см, 0,8 және 0,1 см, 1,2 және 0,1 см болды. Аталған жаралар медициналық жолмен өңделген. Мен Ғайыпбаевты оқиғадан жеті күн өткен соң тексердім. Сондықтан ұсынылған медициналық құжаттарда жарақаттың нақты тереңдігін көрсететін деректер болмады, — деді сарапшы сотта.
Алайда ол сөзінде, анатомиялық құрылымға сай бұл жарақаттардың тереңдігі шамамен 0,5–1 см болуы мүмкін. Сарапшы зақымданулардың барлығы қысқа уақыт аралығында бір затпен салынғанын атап өтті.
Еске салайық, Прокурор сотталушылардың әрқайсысына ҚР Қылмыстық кодекстің қай баптары бойынша айып тағылғанын атап өтті.
— Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі 1,4,7, 9,14-тармақтары (адам өлтіру), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу);
— Равиль Сәкиев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бап 2-бөлігі 7,9-тармақтары (адам өлтіру);
— Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық).
— Кәмелетке толмаған Дидар Ысқақ Қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша айып тағылып отыр.
Айта кетейік, оқиға бойынша мемлекеттік сараптама қортындысы жарияланғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ, Шерзат сотында айыпталушылар мен жәбірленушілерді беттестіру сәті көрсетілген болатын.