Шешек індеті салдарынан Грекияда фета өндірісі қысқарды

АСТАНА. KAZINFORM – Грекия қой арасындағы шешек індетіне байланысты фета ірімшігінің тапшылығы болуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Еuronews.

Шешек індеті салдарынан Грекияда фета өндірісі қысқарды
Фото: amna

Болжам бойынша, биыл Грекияда сүт жеткізілімінің азаюына байланысты фета ірімшігі шамамен 20 мың тоннаға кем өндірілуі мүмкін. Бұған қой мен ешкі арасындағы шешек індетінің таралуы себеп болған.

Грекияда былтырдан бері тіркелген бұл індет мал шаруашылығы саласына ауыр соққы болды.

Ол әсіресе орталық өңірлерге қатты әсер етіп, көптеген қой-ешкінің жойылуына әкелді.

Билік қауіпті аурудың таралуын тоқтату үшін бірқатар шара қабылдап, соның ішінде малды жаппай союға дейін барған. Наурыз айының басына дейін 480 мыңнан астам жануар жойылған.

Грек фермерлері алаңдаушылық пен шарасыздықтарын жасырмайды.

— Біз екі-үш ай бойы оқшаулауда боламыз. Егер тағы бір індет болса не болатынын білмейміз. Онда біз қайтадан карантинге жабыламыз, қосымша жем қажет болады, малды жайылымға шығара алмаймыз, ал өндіріс шығыны артады, — дейді Фермер Сотирис Стамбулис.

Фермерлер мал басының күрт азаюы мен сүт өндірісінің төмендеуі фета ірімшігіне үлкен қауіп төндіріп отырғанын айтады. Еуроодақ заңымен шыққан жеріне байланысты қорғалатын бұл әйгілі ірімшік Грекияның ең құнды экспорттық өнімдерінің бірі саналады.

— 500–600 мың қой қырылды; сүт көлемі айтарлықтай азаяды, соның салдарынан фета өндірісі де қатты қысқарады, — деді Сотирис Стамбулис.

Фессалия аймағындағы ірімшік өндірушілердің айтуынша, биыл сүт өндірісі шамамен 40 пайызға төмендеген. Бұл — елдегі фета өндірісінің негізгі орталығы. Бұл өңір Грекиядағы жалпы экспорттың жартысынан астамын қамтамасыз етеді. Сондықтан Фессалиядағы өндірістік тізбектегі кез келген іркіліс ел экономикасына тікелей әсер етеді.

— Мал басының азаюы сүт жеткізілімін қысқартады. Сүт азайғандықтан, біз де фета өндірісін азайтуға мәжбүрміз, — дейді Arvanitis сүт фермасының иесі Михалис Арванитис.

Ұлттық фета өндірушілерінің салалық ұйымының бағалауынша, 2026 жылға қарай сүт жеткізілімінің азаюына байланысты фета өндірісінде шамамен 20 мың тонна тапшылық болуы мүмкін. Салыстыру үшін, 2025 жылы жалпы өндіріс көлемі шамамен 140 мың тонна болған.

Айта кетелік Грекияда ең төменгі жалақы 920 еуроға дейін өсетіні туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар