Шешен-ингуш ертегілерін қазақшаға аударған қаламгер өмірден өтті

Бөрлі ауданы әкімінің аппаратынан түскен мәліметке қарағанда, Мұхтар Бокаев 1939 жылы Шешенстандағы Шарой ауданы Шихарой ауылында дүниеге келген. 1944 жылы халқымен бірге бес жасында Қазақстанға жер аударылған ол Оңтүстік Қазақстан облысында орта мектепті тәмамдағаннан кейін 1958-1961 жылдары Шымкент педагогикалық институтының тарих, әдебиет және тіл факультетінде оқыды. 1965 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында еңбек етіп, Орал ауыл шаруашылығы техникумында мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, №99 селолық кәсіптік-техникалық училище және Бөрлі аудандық мұрағатының директоры қызметін атқарды. 2005 жылдан зейнетке шыққан ол Ақсай қаласының ардагерлер ұйымына жетекшілік етумен бірге облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Орал қаласына 5 қазан күні «Ырыс алды - ынтымақ» форумына арнайы келіп, елге сыйлы ақсақалдардың қатарында жастарға ақыл-кеңесін айтып кетіп еді.
Әрдайым ұлтаралық татулықты насихаттап, қазақ халқының жер аударылып келген ұлт өкілдеріне жасаған жақсылығын үнемі үлгі етумен өткен Мұхтар Бокаевтың бір қыры оның қаламгерлігі еді. Қазақ тілін жақсы білетін ол 1963 жылдан бері әңгіме, хикаялар жазумен айналысты. 1988 жылы «Асан ата» повесі Грозный қаласында шешен тілінде жарық көрсе, 2006 жылы «Зезаг», 2009 жылы «Последняя улыбка» атты балаларға арналған еңбектері орыс тілінде басылды. Соңғы кезде ғана «Шешен-ингуш халықтарының ертегілерін» қазақ тіліне аударып, кітап етіп шығарған Мұхтар Бокаевтың арман-мақсаты әлі де көп еді.
Мұхтар Бокаев түрлі этномәдени бірлестіктер өкілдеріне: «Алдымен ана тіліңді ұмытпа, сосын өздерің нанын жеп, суын ішіп отырған, қиын уақытта сені құшағына алып, бауырына тартқан халықтың тілін біліп, әрқашан құрметте», дейтін. «Қазақ жеріне «халық жауы» болып келіп, құрметті азаматы атандым. Осыдан артық қандай абырой-атақ керек. Қазақ халқы бізге екінші өмір сыйлады, менің рухым - қазақ!» деп, өмірден өткен оның жарқын бейнесі мен жалынды сөздері жұрт жадында тұрары анық.