Шешімі жоқ шиеленіс: Израиль мен Палестина қақтығысы қашан тоқтайды

Таяу Шығыс
Фото: Kazinform

Израиль мен Палестина арасындағы 75 жылдан астам уақытқа созылған қақтығыс биылғы 7 қазанда ушыға түсті. Палестиналық ХАМАС қозғалысы алдымен Газа секторынан Израильге бес мыңға жуық зымыран атып, кейін содырлар елге шабуыл жасай бастады. Оған жауап петінде 8 қазанда Израиль үкіметі елдің соғыс жағдайына өткенін хабарлап, Газа секторында арнайы операция бастады.

Жалпы екі ел арасындағы қақтығыстың тарихына көз жүгіртіп, текетірестің себеп-салдары, оның аймақтағы елдер мен әлем экономикасына әсері жайлы материал дайындауды жөн көрдік. Толығырақ Kazinform сарапшысының материалында.

Израиль мен Палестина қақтығысы қалай басталды?

Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыс 75 жылдан астам уақытқа созылып келеді, әлі күнге шешімін таппаған бұл текетірес әлемдегі ең ұзаққа созылған шиеленістердің бірі болып саналады. Оның басты себебі - жер дауы. Екі тарап та өз астанасы санайтын Иерусалим – мұсылмандар үшін де, иудейлер үшін қасиетті мекен. Одан бөлек бұл қақтығыста діни және этникалық факторлар да мәселені ушықтырып отыр.

ХХ ғасырға дейін екі мың жылға жуық уақыт бойы Израиль халқының мемлекеті болған жоқ, еврейлер әлемнің көптеген елінде диаспора болып өмір сүрді. ХІХ ғасырдың аяғында әлем картасында түріктердің (Осман империясы) қол астында болған ежелгі аймақ Палестина ғана бар еді. Ол жерде негізінен арабтар мекен етті, еврейлер азшылықты құрады. Алайда сол кезде халықаралық саясаттың күнтәртібінде еврей мәселесі өзекті бола бастады. Еуропада сионизм (сионизм – еврей ұлттық қозғалысы, оның мақсаты – еврей халқының тарихи отаны Израиль жеріне оралуы және қайта жандануы) мәселесіне қатты назар аударылып жатты. Сол кезде пайда болған саяси сионистік қозғалыс Израиль жерінде ұлттық еврей мемлекетін құруды мақсат етті.

Палестинаға еврей көші-қонының бірінші толқыны 1881 жылы басталды. Кейін 1904-1914 жылдары Палестинаға 40 мың еврей қоныстанды. 1919-1923 жылдары тағы 40 мың еврей көшті. Осы кезде арабтар бұған наразылық танытып, біраз толқу болған еді.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германия жағында болып, жеңіліс тапқан Осман империясы құлап, Палестина Ұлттар лигасының шешімімен Ұлыбританияның мандатына өтті. Осы кезде Палестина аумағында еврейлер мен арабтардың екі мемлекетін құру туралы идеялар көп айтыла бастады.

Палестинаның екіге бөлінуі

Палестинаға әлемнің түкпір-түкпірінен, негізінен Еуропадан еврейлер көптеп қоныс аудара бастады. Бұл арабтардың наразылығын тудырып, қақтығыстар көбейе түсті.

1947 жылы 29 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестинаны екіге – еврей және араб мемлекеттеріне бөлу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар Иерусалимге қатысты қайшылықтар болмауы үшін оған БҰҰ бақылауындағы халықаралық мәртебе берілді. Ал британ мандаты аяқталған соң 1948 жылы 14 мамырда Израиль тәуелсіздігі туралы Декларацияға қол қойылып, Еврей мемлекеті құрылды. Келесі күні араб мемлекеттері Израильге шабуыл жасады. Осылайша, соғыс басталып кетті.

Қақтығыс Палестина шеңберінен шығып, Израиль мен араб мемлекеттері арасындағы ауқымды текетіреске айналды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жүздеген мың араб Израильден қашса, керісінше Еуропада нацистердің қуғын-сүргініне байланысты еврейлер Израильге қоныс аудара бастаған еді. Сөйтіп, 10 жыл ішінде оның халқы 800 мыңнан екі миллионға дейін өсті.

Палестинаның тағдыры

1948 жылы еврей мемлекеті пайда болғанымен, аймақта араб мемлекеті құрылған жоқ. 1964 жылы Араб мемлекеттері лигасының шешімімен осы өңірде тұратын арабтардың және олардың ұрпақтарының мүддесін қорғайтын Палестинаны азат ету ұйымы (ПАЕҰ) құрылды. Ұйымды басқа араб елдері де қолдады: 1967 жылғы саммитте арабтар Израильді мойындамауға, онымен бітім жасамауға және келіссөздерге бармауға келісті. Айта кету керек, 1967 жылы тарихқа 6 күндік соғыс деген атаумен енген соғыс барысында араб елдері Израильді ала алмады. Бір жылдан кейін Палестина хартиясына қол қойылды, Палестина шекараларын қалпына келтіру мақсаты қойылды. 1988 жылға дейін ПАЕҰ террористік ұйым деп саналды.

1988 жылы қарашада ПАЕҰ Ұлттық кеңесінің сессиясында тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылды деп жарияланды. Алайда бұл символдық қана мәні бар қадам болатын, өйткені іс жүзінде Ұлттық кеңес өз аумағы деп жария еткен территорияны бақылай алмайтын еді.

1990 жылдардың басында Палестиналық ұйым террористік күрес әдістерінен бас тартты, ал Израиль Палестина ұлттық әкімшілігіне Тель-Авивтің бақылауындағы кейбір аумақтарды басқаруға рұқсат берді. Осылайша, 1993 жылы Палестиналық ұйым мен Израиль тіпті «Осло-1» келісімін жасады - олар Палестинаның өзін-өзі басқаруының уақытша шаралары туралы қағидаттар декларациясына қол қойды. Екі жылдан кейін тараптар ресми түрде «Палестиналықтар мен Израиль мемлекеті арасындағы Батыс жағалау мен Газа секторындағы уақытша келісімдер» деп аталатын «Осло-2» келісіміне қол қойды. Дәл осы құжаттар негізінде израильдіктер мен палестиналықтардың қазіргі қарым-қатынасы құрылған еді.

Десе де Палестина жартылай мойындалған мемлекет болып саналады. БҰҰ-ға мүше 138 мемлекет Палестинаны мойындайды. Алайда бұл ел БҰҰ-ның толыққанды мүшесі мәртебесін ала алмай отыр, өйткені оны Ұйымның Қауіпсіздік Кеңесінің кейбір тұрақты мүшелері Франция, АҚШ және Ұлыбритания мойындамайды. Сонымен қатар Палестинаның тәуелсіздігін ЕО елдерінің көпшілігі мен Жапония мойындамай отыр. Ал Қазақстан Палестинаны тәуелсіз ел ретінде мойындайды.

Сонымен бірге Палестинаны ресми түрде басқаратын Палестина ұлттық әкімшілігінің қолында (ПҰӘ) іс жүзінде ешқандай билік жоқ. 2007 жылғы азаматтық соғыстан кейін Газа секторы ХАМАС (Исламдық қарсыласу қозғалысы) қозғалысының бақылауына өтті. Ал Шығыс Иерусалимді қамтитын Батыс жағалаудың 60 пайызы Израильдің бақылауында.

ХАМАС деген қандай ұйым?

Газа секторында екі миллионнан астам адам тұрады, бұл – шағын анклав және ішінара мойындалған Палестинаның ең үлкен аймағы. Бұл аймақты да ПҰӘ бақылап отырған жоқ, еврей әскерлері Газа секторынан кеткеннен кейін ол жерде ХАМАС ұйымының бақылауы күшейе түсті.

Ұйым билікке 2006 жылы қаңтар айының соңында Палестина автономиясында өткен сайлаудан кейін келді. ХАМАС өкілдері Израильдің бүкіл аумағы арабтарға тиесілі болуы керек, ал еврейлер оны басып алғанын айтады. Көптеген мемлекет бұл қозғалысты террористік деп таниды.

Таяу Шығыста қазір не болып жатыр?

ХАМАС Израильге биылғы 7 қазанда шабуыл жасады. Алдымен Газа секторынан Израильге бес мыңға жуық зымыран атып, кейін ХАМАС содырлары елге шабуыл жасай бастады. Олар 14 елді мекенге кіріп, бейбіт тұрғындарды да, әскери қызметшілерді де кепілге алды.

ХАМАС Израильге қарсы әскери операцияны «әл-Ақса тасқыны» деп атады. Әл-Ақса – Иерусалимдегі Храм тауында орналасқан мешіттің атауы. Бұл жер көбінесе еврейлер мен палестиналықтардың арасында дау туғызады, өйткені ол мұсылмандар үшін Мекке мен Мәдинадан кейінгі қасиетті орын болып саналады. ХАМАС басшылығының пікірінше, Израиль аталған мешітті «қорлаған», шабуылдың басты себебі – осы. Сонымен қатар 2023 жылы Израиль әскерлері жүздеген палестиналықты өлтірген немесе жаралаған, сондай-ақ тұтқындарды өзара айырбастаудан да бас тартып отыр.

Әлемдік БАҚ-та бұл шабуыл Израиль барлау қызметі үшін күтпеген жағдай болғаны туралы жазылды. Алайда кей сарапшылар оның мүмкін емесін айтып отыр. ХАМАС шабуылына жауап ретінде Тель-Авив Газа секторында лаңкестікке қарсы «Темір қылыш» операциясын бастады. Ал 8 қазанда Израиль үкіметі елдің соғыс жағдайына өткенін хабарлады.

Баспасөздегі ақпараттарға сүйенсек, ХАМАС содырлары мен «Исламдық жиһад» тобы көптеген израильдікті тұтқынға алған. Сонымен бірге ХАМАС Газа секторына жасалған әрбір шабуылға жауап ретінде бір тұтқынды өлім жазасына кесеміз деп қорқытып отыр. Катар мен АҚШ кепілге алынғандарды босату үшін аталмыш топпен келіссөз жүргізе бастады.

Соңғы мәліметтер бойынша, Палестина-Израиль қақтығысы басталғалы бері екі тараптан 4 мыңнан астам адам қаза тауып, тағы 15 мыңға жуығы жарақат алды.

Палестиналықтар 1967 жылғы алты күндік соғысқа дейін болған шекараны қайтаруға ниетті. Палестина Иордан өзенінің Батыс жағалауында және Газа секторында өз мемлекетін құрып, Шығыс Иерусалимді астанасы еткісі келеді. Ал Израиль бұл шарттан бас тартып отыр.

Израиль-Палестина: Қазақстан ұстанымы

Екі ел арасындағы қақтығыс өршіген кезде көп мемлекет өз азаматтарын эвакуациялай бастады. Оның ішінде Қазақстан да бар. 10 қазан күні ел үкіметі Израильде жүрген 124 қазақстандық арнайы бортпен елге жеткізілді. Сондай-ақ 15 қазанда елшілік көмегімен Қазақстанның 19 азаматы, соның арасында арнайы бағдарламалар бойынша оқып жүрген 15 бала елге келді.

ҚР СІМ мәліметінше, қазіргі таңда Израильдегі Қазақстанның елшілігіне 100-ден астам еліміздің азаматы жәрдем көрсету туралы өтініш жасаған. Сонымен қатар Газа секторынан тағы 100-ден астам адамды Қазақстанға жеткізу мәселесі пысықталып жатыр.

Израильдегі жағдайға қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан көптеген бейбіт тұрғынның қаза болуына әкеп соққан ХАМАС пен Израиль қақтығысының өршуіне алаңдаушылық білдіретінін жеткізді. Хабарламада «Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптайтыны» айтылған.

Осыған байланысты Қазақстан тараптарды әскери әрекеттерді тез арада тоқтатуын қамтамасыз етуге және «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде аймақтың барлық тұрғындары үшін бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу жөніндегі күш-жігерді жандандыруға шақырды.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалды еш ақтауға келмейтін әрекет екенін айтты.

«Қазақстан халықаралық өзекті проблемаларды шешу үшін лаңкестік әдістерді қолдануға мүлдем қарсы. Ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін бейбіт азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетіп, террорлық акциялар жасауға болмайды. Бұл – еш ақтауға келмейтін әрекет»,-деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазіргі тоқырау жағдайында БҰҰ Бас Ассамблеясының рөлін күшейтуге мүмкіндік бар деп есептейтінін жеткізді.

«Бұл ретте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде асығыстық танытуға болмайды. Біздің ойымызша, бұл маңызды органға әлемнің барлық аймағының елдері, соның ішінде жаһандық Оңтүстік мемлекеттері мүше болуға тиіс. Шын мәнінде, бұл ұстанымды осы жиынға қатысып отырған мемлекеттер басшыларының барлығы құптайтыны қуантады»,-деп түйіндеді ол.

Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыс қалай өрбиді? – сарапшылар не дейді

Кей сарапшы-мамандар бұл қақтығыстың әлі ұзаққа созылатынын айтса, енді бірі қазіргі ахуал көпке бармайтынын айтып отыр. Жалпы 75 жылдан астам уақыт бойы келісімге келе алмай жатқан екі мемлекет арасы неліктен дәл қазір шиеленісіп кетті? Шығыстанушы Жанат Момынқұловтың пікірінше, қазіргі кезде бұл олардың артында тұрған күштерге тиімді болып тұр.

«Мысалы, АҚШ пен Сауд Арабиясы арасында тарихи келіссөз болатыны айтылып жатыр. Міне, мұны болдырмау үшін Хизболла (Ливанда ислам мемлекетін құруды мақсат ететін әскери әрі саяси ұйым), оның артында бәлкім Иран, мүмкін одан да үлкен мемлекеттер тұруы мүмкін. Жуырда Қытайдың Сыртқы істер министрлігі Израильге қатысты қатты-қатты сөздер айтты және ХАМАС-ты айыптаған жоқ. Былай қарағанда, Израильді айыптағандай сыңай танытты. Бұл Палестина-Израиль мәселесі бойынша үлкен күштердің арасында белгілі бір сызық қалыптасқанын, жаһандық альянстар құру ықтималдығы бар екенін көрсетеді. Қазіргі жағдай қысқа мерзімдегі перспективада ХАМАС-тың пайдасына шешілуі мүмкін, қазір олар құрбан рөліне кіріп, бүкіл әлем мұсылмандарының аяушылығын оятып отыр. Мәселен, көп жерде Палестинаны қолдау шаралары өтіп жатыр. Палестина мен ХАМАС бір емес, бірақ ұзақмерзімде ХАМАС ұтылды деп есептеймін. Алдағы уақытта олар жасампаз ештеңе ұсына алмайды»,-деді спикер.

Оның айтуынша, Палестина мәселесінде Араб әлемінен бір қолдаушы күш табылуы мүмкін.

«Жағдай мүлдем өзгеріп кетуі мүмкін. Палестина мәселесінде Араб әлемінен бір қолдаушы күш табылуы ықтимал. Мысыр не Сауд Арабиясы сияқты. Өйткені қазір Мысыр Израильге «Газадан арабтарды Мысырға қарай қумаңыз, оларға керісінше гуманитарлық көмек берейік, сөйтіп олардың жағдайын жеңілдетейік» деп отыр. Бұл дегеніміз – Мысыр мемлекеті қаттырақ сөйлей бастады деген сөз. Өйткені Египетке бұл үлкен қауіп, өз елінде 100 млн халық тұрады, екіншіден, олармен бірге Египеттің шекарасына кейбір экстремист-радикал топтар кіріп кетуі мүмкін»,-деді сарапшы.

Сондай-ақ ол бұл жерде екі мемлекет те діни және ұлтшыл риториканы азайтуы қажет екенін, сол кезде ғана бейбітшілік орнайтынын атап өтті.

«Еврейлер арабтардың болмысын, палестиналықтар еврейлердің өмір сүруге деген құқығын мойындауы тиіс. Мәселе сол палестиналықтардың еврейлерді мойындамай, олардың мемлекетін жойғысы келетінінде, ал еврейлердің барған сайын палестиналықтарды жұтып алғысы келетінін көріп отырмыз. Міне, осындай бір-бірін қабылдамайтын, бір-біріне қарама-қайшы риторикалар азаятын болса, сол кезде бір шешімі табылады»,-деді шығыстанушы.

Жанболат Момынқұловтың айтуынша, Израильге қазіргі операциясы тиімді болып көрінуі мүмкін, алайда Иран сияқты басқа да күштер араласып, жағдай күрделенетін болса, сол кезде Израиль Палестина мәселесін шешуге қадам жасауы ықтимал.

«Себебі Израильге Газа мәселесін басқа тарапқа, яғни Иранға не басқа да үлкен күштерге беріп қою тиімсіз. Сондықтан да оның шешілуіне өзі де мүдделі болуы ықтимал. Бұл алыс перспективада болуы мүмкін, ал қазір Израильді басқарып отырғандар бұған жол бермейді»,-деп түсіндірді ол.

«Шиеленісті толық шешу үшін ұрпақтар санасы өзгеруі керек»

Ал саясаттанушы Ислам Кураев Таяу Шығыстағы оқиғаларды және олардың қалай дамитынын болжау қиын екенін атап өтті.

«Палестина-Израиль шиеленісі шамамен 80 жыл бойы жалғасып келе жатыр, сондықтан мұндай қақтығыстар қалыпты жағдайға айналды. Тек себеп-салдары мен оған қатысушы адам аттары ғана өзгереді. Менің ойымша, бұл жағдайдан ұтқандар да, зардан шеккендер де көп. Дәл қазір жағдайдың қалай дамитынын бағалау қиын, бірақ тәжірибеге қарасақ, Израиль қазір Сириядағы әуежайларға шабуыл жасай бастады және шекарада Ливанмен де атысып жатыр. Ахуалдың 1967-73 жылдардағыдай деңгейге жете қоюы екіталай, өйткені қазір араб елдерінің адуыны басылды. Қазіргі кезеңде Иран аймақта өз мүддесі үшін мүмкіндігін пайдаланып жатыр, бірақ олар тікелей қақтығысқа бармайды. Өйткені бұл «үшінші дүниежүзілік соғыс» дегенді білдіреді»,-деді ол.

Оның пікірінше, Израиль-Палестина шиеленісі болашақта да шешімін таба ма, жоқ па, оны айту қиын.

«Өйткені екі тарап та бір-бірін жек көреді. Елдердің қазіргі халқы жағдайды реттеу процесін бастауы керек, ал келер ұрпақ түбегейлі өзгеруі тиіс, содан кейін ғана ымыраға келуге болады. Мәселен, көршілес Ливанда әртүрлі конфессиялар мен этникалық топтар бірге тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Сондықтан бұл жағдайда да шешімін табуға болады деп ойлаймын»,-деді сарапшы.

Израиль-Палестина қақтығысы мұнай бағасына қалай әсер етіп жатыр?

Мұнай сервистік компаниялары президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов жер бетінде болып жатқан түрлі экологиялық, экономикалық, саяси жағдайлар міңдетті түрде энергетикалық ресурстарға кері әсерін тигізетінін атап өтті. Оның айтуынша, дүниежүзіндегі бүкіл мұнай-газ, энергия ресурсының 38 пайызы Парсы шығанағында шоғырланған мемлекеттерге тиесілі. Сондықтан да иаяу Шығыстағы шиеленіс мұнай бағасына әсер етеді.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, 2022 жылдан бері Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстан кейін, Ресей толыққанды Еуропа нарығынан кеткеннен соң, ол нарықты түгелдей Парсы шығанағындағы мемлекеттер басып алды. Қазір газбен де, мұнаймен де қамтып отыр. Енді қақтығыс неге тікелей әсер ететініне тоқталсақ, біріншіден, логистикаға, мысалы, ұшақтар ұшпай қалды, бірден тоқтады. Сондай-ақ мұнай тасып жатқан танкерлерге де қауіпті. Өйткені қисық кеткен ракета оны жарып жіберуі әбден мүмкін. Қазіргі таңда танкерлер кем дегенде 40000-60000 тонна мұнай немесе газ тасымалдайды. Бұл өте үлкен экономикалық шығын»,-деді ол.

Десе де, ол бағаның шарықтап кетуі мүмкін емес екенін еске салды.

«Меніңше, баға анау бір айтқандай шарықтап кетпейді. Себебі сол Парсы шығанағында өндіріліп жатқан өнім, болмаса газ, мұнайға кім инвестор болды немесе кімнің ақшасымен іске асты, бұл міндетті түрде Америка мен Еуропаның бизнесі. Әзірге кикілжің немен аяқталатынын және уақыт мерзімі қаншаға созылатынын ешкім дөп басып айта алмай отыр. Менің ойымша, бұл ұзаққа бармайды, бір-бір жарым айдың төңірегінде шешіліп қалады»,- деп түйіндеді спикер.

Қорыта келе, Таяу Шығыстағы жағдайдың әлі де тұрақталмайтынын, тіпті ұзаққа созылуы мүмкін екенін байқап отырмыз. Оқиғаның енді қалай дамитыны аймақтағы әрі халықаралық күштердің де іс-әрекетіне байланысты болмақ...

Соңғы жаңалықтар