Шет елдердегі шоттарда сақталған ақшасын көрсетпегендерге салынатын айыппұл 250 АЕК-ке дейін көтеріледі - Қаржы министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шет елдердегі шоттарда ақшасын көрсетпегендерге, ол бойынша декларациялар ұсынбағандарға салынатын айыппұл 250 АЕК-ке дейін көтеріледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі ақшалай қаражат пен мүлікті заңдастыруды жеңілдету тақырыбындағы брифинг барысында Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев мәлім етті.
None
None

Еске сала кетейік, Қаржы министрлігі жаңа заң жобасы аясында шет елдерде мүлікті немесе ақшалай қаражаттарын жарияламағандар үшін әкімшілік жазаны қатайтуды ұсынады.

«Бүгінгі күні салық заңнамасына сәйкес, шет елдердегі шоттарда ақшалай қаражаттары бар Қазақстан азаматтары салық органдарына декларация тапсыруға, сол шоттарда жатқан ақша сомасын көрсетуге міндетті. Ал ондай декларацияны көрсетпегендерге Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша бірінші рет жағдайды түзету ескертіледі, ал екінші рет он бес айлық есептік көрсеткіш шамасында айыппұл санкциясы салынады. Міне, біз осы норманы қатаңдатуды ұсынамыз. Яғни, шет елдердегі шоттарда қаражатын көрсетпеген, ол бойынша декларациялар ұсынбағандарға айыппұл 250 айлық есептік көрсеткішке дейін артады», - деді Ардақ Теңгебаев.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан азаматтары үшін шет елдерде орналасқан мүліктер туралы декларациялар ұсыну да міндеттелмек. Шет елдерде мүлкі бар әрбір жеке тұлға ол бойынша тиісті органдарға декларация өткізуі қажет. Ондай декларация ұсынбағандар да айыппұл төлейтін болады.

«2017 жылдан бастап Қазақстанда табыстарға қатысты жалпылама декларациялау акциясы енгізіледі. Біз осыны алдын ала жария етуге жағдай жасап, ынталандыруды күшейтпекшіміз. Шындығында, жария ету акциясын пайдаланып, мүліктері мен қаражаттарын заңдастырмағандар, декларациялаудан жалтаратындар алдағы уақытта қылмыстық жауапкершілікке де тартылады», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар