11:15, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Шет мемлекеттер Алматы облысының аумағында қылмыс жасаған алты адамды ұстап берді
ТАЛДЫҚОРҒАН. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Ұлттық заңнамалардың талаптарына, халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес,

Алматы облысының прокуратурасы өткен жылы қылмыскерлерді іздестіру, оларды ұстап беру және қылмыстық қудалау мәселелері бойынша прокурорлық қадағалау жұмысының тиімділігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Алматы облысы прокурорының халықаралық шарттардың қолданылуын қадағалау жөніндегі аға көмекшісі Бақыт Шыңғысбаевтың хабарлауынша, шет мемлекеттер Алматы облысының аумағында қылмыс жасаған алты қылмыскерді ұстап берді. Қазақстан Республикасына ұстап берілген тұлғаларды Алматы облысының соттары түрлі жазаларға кесіп отыр. Негізінен, олар адам зорлау, кісі өлтіру, есірткі сату, ұрлық жасау және алаяқтық қылмыстар үшін сотталғандар.«Мысалы, Ресей Федерациясының құзырлы органдары ұстап берген қылмыскерлердің бірі алаяқтық қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2008 жылы желтоқсанның 22-сінде Ескелді би атындағы аудандық соттың үкімімен 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды», дейді Б.Шыңғысбаев.Алматы облысы прокуратурасының, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қолдау хаттары бойынша шет мемлекеттердің құзырлы органдарына Алматы облысының аумағында қылмыстар жасаған қылмыскерлерді ұстап беру туралы 9 талап жолданған.
Прокурордың аға көмекшісінің айтуынша, Бас прокуратура арқылы шет мемлекеттерге қылмыстық қудалауды жалғастыру туралы тағы алты қылмыстық іс жолданып отыр, олардың ішінде Алматы облысындағы Қарасай ауданының аумағында қасақана кісі өлтіргені үшін Қырғыз Республикасының Бішкек қаласындағы Свердлов аудандық соты кінәлі деп таныған Е.Мироновтың да ісі бар. Ол 20 жылға кесілді. Жедел-іздестіру шараларының нәтижелері бойынша Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары іздеу жариялаған 15 шетелдік азамат ұсталып, олардың 10-ы қылмыстық жауапқа тарту үшін елдеріне экстрадицияланды.