Шетел азаматына қашықтан шот ашқан банкке заң бұзғаны үшін айыппұл салынды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Банкке айыппұл салынды, қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Жетісу облысында интернет-алаяқтыққа қарсы шараларды күшейту жұмыстары жалғасып жатыр.
Заң бойынша резидент еместерге шоттарды қашықтан ашуға және төлем карталарын шығаруға тыйым салынған, керісінше банк қызметкері шет мемлекеттің азаматына оның жеке қатысуынсыз есепшот ашқан.
Есепшотты кейіннен интернет-алаяқтар азаматтардан ұрланған қаражатты аудару үшін пайдаланған.
— Банк Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 214-бабының 4-бөлігі (қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеру жөніндегі шараларды қабылдамауы) бойынша жауапкершілікке тартылды, — делінген Жетісу облысының прокуратурасы хабарламасында.
1 000 000 теңгеден астам сомаға сот салған айыппұлды банк төледі.
Банк қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодексінің 254-бабы (міндеттеріне адал қарамау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Айта кетелік Шымкентте 200-ден аса адамды алдаған қаржы пирамидасының жұмысы тоқтатылды.