Шетел көліктерін заңдастыру науқанының аяқталуына санаулы күн қалды
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бастап бүгінге дейін шетелдік тіркеудегі 10 582 автокөлік заңдастырылды, деп хабарлайды Kazinform.

СҚО полиция департаментінің процессинг орталығы шетелдік автокөліктерді заңдастыруды ресімдеуге бір айдан аз уақыт қалғанын еске салады.
Мамандардың айтуынша, шетелдік тіркеудегі көліктерді заңдастыру туралы 1 шілдеге дейін берілген өтінімдер тек 31 желтоқсанға дейін ғана қаралады.
Жалпы 23 қаңтардан бастап осы күнге дейін тұрғындардан Петропавлдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына 15 мың 635 өтініш келіп түсті.
Бүгінгі таңда 10 мың 582 көлік тіркелді.
Естеріңізге салайық, шетелдік тіркеудегі көліктерді заңдастыру туралы өтінімдер Үкімет қаулысына сәйкес 23 қаңтар мен 30 маусым аралығында қабылданды.