Шетел компанияларының Қазақстанға келуі экономикаға қалай әсер етеді – сарапшылар пікірі

экономика
Фото: Pexels

Dodo пиццерия желісі бас кеңсесін британдық Виргин аралдарынан Қазақстанға көшіретінін хабарлады. Бұдан бөлек Ресейдегі кеңселерін жапқан бірнеше ірі компания Қазақстанға келу туралы шешім қабылдады. 2022 жылдың соңында ҚР СІМ елімізге қоныс аударған компаниялардың тізімін жариялады. Оның ішінде Honeywell (АҚШ), InDriver (АҚШ), Ural Motorcycles (РФ/АҚШ), TikTok (ҚХР), Emerson (АҚШ), Koppert (Нидерланд) бар. 2023 жылдың маусымында Джерсиде орналасқан Polymetal International компаниясы «Астана» халықаралық қаржы орталығында жұмысын жалғастыруға шешім қабылдады. Бұған дейін еліміздегі қаржы орталықтары EMAG, Carlsberg, Fortescue-мен келіссөз жүргізіп жатқанын айтқан болатын. Canon, Kronospan, Alstom, Haier компаниялары әзірге келісімшартқа дейінгі әңгімелесу кезеңінде. Осы қозғалысқа қарасақ, шетелдік компаниялардың Қазақстанға келу үрдісі жүріп жатыр. Бұл құбылыстың экономикамызға әсері қандай? Осы туралы сарапшылар пікірін ұсынамыз.

«Ресейде негізі қаланған ірі халықаралық компаниялар өздерінің тіркеуін бізге ауыстырып жатыр. Ол процесті редомициляция дейді. Бұл олардың қызметкерлерінің, техникалық штатының Қазақстанға көшіп келуін білдірмейді. Олар заңды тіркеуін Қазақстанға ауыстырады. Өйткені оларға офшордан кету маңызды болып тұр. Себебі қазір бұл компаниялар солтүстіктегі көршімізде қалса, санкциялар күшейе түседі. Офшорда тіркелген компаниялардың операциялары ұзақ тексеріледі, күмәнмен қаралады. Олардың транзакциясына белгілі бір санкция салу немесе ақшаны бұғаттап қою сияқты процестер болуы мүмкін. Сол үшін олар заңды тіркеуін өзгертті. Дәл осындай кезеңде оларға ең ыңғайлысы Астана қаржы орталығының арнайы режимі болып отыр. Өйткені біздің қаржы орталығы редомициляцияға жақсы шарттар ұсынып отыр. Халықаралық арбитраж, британдық құқық соты жұмыс істейді, инвесторлардың бүкіл құқықтары қорғалған. Экономикалық алаң прогрессивті. Сондықтан олардың таңдауы Қазақстан болып отыр», — дейді сарапшы Айбар Олжаев.

айбар олжаев
Фото: сарапшының жеке архивінен

Маман аталған үрдіс біздің елімізге не беретіні жайлы да ой бөлісті. 

«Бұл, ең алдымен, Астананың қаржы орталығы ретінде қалыптасуына көмектеседі. Ол өте маңызды. Қазір екі биржа - Астана қаржы орталығының Астана биржасы мен Қазақстанның қор биржасы осы шешімнің аясында бірігіп жатыр. Бұл экономикалық қозғалыс туғызады. Екіншісі - бізде заңды тіреуден өткен компания ел бюджетке салық төлей бастайды. Жергілікті тауарларды, қызметтерді пайдаланады. Бұл экономикамыздың өсуіне әсер етеді», — деді ол.

Ал экономист Мақсат Халық шетелдік компаниялардың заңдық тіркеуін елімізге ауыстыруы қаржылық нарықта қозғалыс туғызып, халықаралық экономикалық ортада Қазақстанның бренд ретінде беделін арттыратынын айтады.

мақсат халық
Фото: экономистің жеке архивінен

Дегенмен заңдық тіркеу деңгейінен тікелей инвестицияға өтсек, нағыз экономикалық өрлеу басталады деп отыр.

«Шетелдік компаниялардың Қазақстанға келуі жалпы оң үрдіс ретінде ықпал етеді. Әсіресе тікелей инвестиция ретінде келсе, бұл — біздің экономикамыз үшін пайдалы. Әлемдегі ірі компаниялар Қазақстанға келіп, өз франшизасын құрып жатса, ол тек қана оңтайлы әсер етеді. Ең алдымен еліміздегі бос жұмыс орны мәселесі шешілер еді. Екіншіден, корпоративтік мәдениет деген түсінік бар. Қызметкермен қарым-қатынас, еңбек шарты деңгейі дамыған елдерде бізбен салыстырғанда жоғарырақ. Бұл бизнестегі, қызмет көрсету саласындағы мәдениет сапасының көтерілуіне әсер етеді», — дейді экономист.

Ол сондай-ақ туристік инфрақұрылымды жасақтау, жасыл экономика, жасыл энергетика көздерін дамытуға шетелдік инвесторлар келіп, кенже қалып жатқан саланың өркендеуіне үлес қосса, оң тенденция қалыптасатынын айтады.

Танымал экономист қаржы орталықтары назарға алуы тиіс дүниені де атады.

«Инвесторлармен нақты келісімшарттың ашық жүргізілуі маңызды. Ең бірінші кезекте ұлттық экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан қарастыру керек. Біздің елімізде жоқ технология болса, оны өз елінен әкелуіне болады. Технологиямен жұмыс істей алатын маман болмаса, маманды да алып келуіне тура келеді. Бірақ нақты екі жылдан кейін жұмыскерлер қазақстандық болуы керек деген шарт қоюы керек», — дейді Мақсат Халық.

Соңғы жаңалықтар