«Шетел терминдерін аударғанымыз дұрыс па?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 31 наурыз, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Теңдесі жоқ ота» деген мақала берілген. «Газетіміздің Орал қаласындағы тілші қосынына жасы алпысты алқымдап қалған азамат келді. Өзін таныстырды. Аты-жөні Самат Бекмағамбетов екен. Жасы елудің сегізіне шығыпты. Шаруаңызды айта отырыңыз дедім мен заманы бір жасы өзім құралыптас азаматқа. Оның айтайын деген әңгімесінің ұзын-ырғасы төмендегідей болып шықты. Ол бас миында пайда болған ісіктен біраз уақыт қатты қиналып зардап шегіп келіпті. Тіпті, өмірден күдерін үзгендей мазасыз да азапты күй кешеді», -деп жазады мақала авторы.

Оған қойылған диагноз өте ауыр әрі күрделі болғандықтан облыстағы мамандар ота жасау үшін оған елордасы Астанада орналасқан Ұлттық нейрохирургия орталығына барып емделуге жолдама береді. Сәтін салғанда, оның мұнда өмірден үзіле бастаған үміті қайта жалғанады. Саматтың айтуынша, аталған орталықтағы Серік Ақшолақов бастаған нейрохирургтер жасаған теңдесі жоқ ота елімізде тұңғыш рет іске асыпты.

«Біз бұл деректің мәнісіне тереңірек қанығу мақсатында Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі мамандарына хабарласқан едік. «Егемен» арқылы оларға алғысы мен ризашылығын жеткізуді қажет деп тапқан, бүгінде дертінен мүлдем айыққан жанның айтқаны айна-қатесіз рас болып шықты. Нақтырақ айтқанда, бастың сол жақ қуысында оның маңдайға түйісетін тұсында пайда болған қатерлі ісікті микрохирургия жолымен сылып тастау тәсілі отандық медицина тарихында алғаш рет атқарылыпты», - деп атап өтілген мақалада.

Бас басылымда «Жария ету ісі жақсылыққа бастайды» атты тақырыппен ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың мақаласы жарияланды. «Көлеңкелі экономикамен күрес - ол экономиканы дамыту үшін қосымша «қорек» іздестіру ғана емес, сонымен бірге оны сауықтыру міндеттерін шешудегі мемлекет қабылдайтын бүтіндей бір шаралар кешені. Экономикаға «көлеңкеден» тек қана заңды қатаңдату және санкциялар арқылы қаржы тартуға талпыныс жасау сыңаржақ қадам болатындықтан, мемлекет ынталандырушы тәсілдер қолданады. Рақымшылық жасау мен жария ету осындай шаралардың бірі болып табылады. Егер рақымшылық жасау ұғымы белгілі бір заң бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатуды білдірсе, жария ету қылмыссыздандыру мақсатында заңдық күшіне енгізуді және ресми тануды білдіреді. Тәуелсіздіктің қысқа мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы ішкі капиталды экономикаға тартуда бай тәжірибеге ие болды. Жария етудің негізгі міндеті әркезде де экономикаға көлеңкелі капиталды тарту және мүлікті заңдастыру болып келді және солай болып қала береді»,-деп жазады министр.

***

«Shejire DNA» (Шежіре ДНҚ) ғылыми-гуманитарлык жобаның жетекшісі Нұрбол Баймұханов жас ғалымдар командасымен қазақ және басқа ұлттардың генетикалық келбетін дайындауға кірісті. Осы орайда «Айқын» газеті Баймұхановпен арадағы сұхбатты көпшілік назарына ұсынып отыр.

«Бұл мәселе пісіп-жетілді. Біз қазақтың саны аз ұлт ретінде жойылып кетуге жол бермеген, періштесіндей қорғап жүрген генетикалық ко­дымызды материалдық емес құндылықтар шеңберінде ұсынсақ, біздің ұлт ретіндегі имиджіміздің бар қырымен танылуына мүмкіндіктер ашылар еді. Себебі базбіреулер айтып жүргендей, руға бөлінушілік немесе трайбализмнің Жеті ата шежіресіне қатысы жоқ. Бұл - бір ұлт, бір халық ретінде жұмылудың алтын қазығы. Орта ғасырлардан бері генетикалық әдіспен негізделген шежіреміздің адами-рухани құндылықтарға қосқан үлесі ғылыми тұрғыда дәлелденді. Бұл құндылық қазақ ұлтын әлем алдында жаңа қыры мен жаңа сипатымен танытады, себебі қазақ ұлттының тектілігі әрқашанда биіктен көрініп тұрады!» -дейді зерттеуші. Бұл сұхбат « Тектілік негізін қан құрамынан таптық» деген тақырыппен басылды.

Осы газетте «Ұлттық кеңес құрылатын болды» атты мақала берілген. Қазақстанда Президент жанынан әдебиет және өнер бойынша ұлттық кеңес құрылады. Бұл туралы «Мәңгілік ел - елдің біріктіруші күші» атты шығармашылық және зиялы қауым өкілдерінің форумында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті. «Саланы институционалдық қай­та құру, басқарушылық мәсе­ле­лер­ді үйлестіру мақсатында елімізде ал­ғаш рет Қазақстан Президенті жа­нында Әдебиет, өнер бойынша ұлт­тық кеңесті құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанында салалар бойынша көркемдік кеңес құру қа­растырылуда» деді ведомство басшысы.

Осы орайда министр Ұлттық кеңес мәдени саясатты жүзеге асыру мәселелерінде кеңес берудің бас ор­ганы болатындығын атап өтті. Оның құрамына депутаттар, Үкiмет өкіл­дері, шығармашылық одақтар мен мә­дени ұйымдардың жетекшілері, қоғам қайраткерлері, бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері кіретін бо­лады.

***

Термин мәселесі елімізде тіл мамандары мен ғалымдар тарапынан, сондай-ақ қарапайым оқырмандар тарапынан да көп талқыға түсіп келе жатқан тақырып. Соның бірі - шет тілдерінен еніп жатқан халықаралық терминдерге байланысты пікірлер. Бүгінде «Шет тілдерінен енген терминдерді аудармай сол күйінде қалдыру керек» деген көзқарас жиі айтылады. Олардың кейбіреуі мыналар: фортепьяно, календарь, паспорт, процент. Осы пікірді жақтаушылардың айтар уәждері - қазақ тілінде термин сол ұғымның мағынасын дәл бере алмайды, қай тілге де болса ортақ термин сақталуы керек. Өз уақытында мұндай терминдерге халықаралық деген мәртебе берілген болатын. Өйткені өзге елде ашылған жаңалыққа өз тіліңнен балама табу оңай шаруа емес.

Мұндай үдеріс тіл тұтынушылардың арасында түсінбестік туындатуы да мүмкін. Дегенмен, өзге тілде пайда болып, басқа тілдерге енген ұғым атауын Алаш зиялылары «Жат сөздер» деп тілден бөлектегені белгілі. «Жат сөздер» дегендегі мақсаттары - тілімізге жат екенін білдіру еді. Бұл жайында толық білгілеріңіз келсе, «Ана тілі» басылымының соңғы санында жарияланған « Шетел терминдерін аударғанымыз дұрыс па?» деген мақаланы оқып шығыңыз.

Соңғы жаңалықтар