Шетелде қанша қазақстандық жазасын өтеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде 1 мыңнан астам Қазақстан азаматы шет мемлекетте жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлім етті.

тюрьма колония
Фото: pixabay.com

—1100-ден астам қазақстандық азамат шетелде жазасын өтеп жатыр, олардың дені Ресей Федерациясында, — деді Ғалымжан Қойгелдиев Мәжіліс отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Қазақстанда 900 шетел азаматы жазасын өтеп жатыр.

— Біз қазір қазақстандықтарды отанға қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олардың көбі ұзақ мерзімге сотталғандар, оларды ұстауға, яғни асырауға айтарлықтай қаражат кетеді. Сотталғандарды тапсыру туралы келісім алдымен адамгершілік тұрғыдан және шетелде жазасын өтеп жатқан отандастарымызға көмектесуге бағытталған, — деп толықтырды бас прокурордың орынбасары.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс Қатармен арада құқықтық көмек мәселесіне қатысты заңды қабылдады.

ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, келісім күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеу үшін тиісті іс-әрекеттерді қамтып отыр.

Соңғы жаңалықтар