Шетелде мүддемізді қорғайтын заңгерлер корпусы жасақталады

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы уақытта шетелде Қазақстанның мемлекеттік мүдделерін қорғауға қабілетті ұлттық құзыретті кадрлар корпусы қалыптастырылып, заңдарды тікелей қазақ тілінде әзірлеу тәжірибесін енгізу үшін нақты шаралар қолға алынбақ. Kazinform агенттігіне сұхбат берген Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев ведомствоның жұмыс бағыттары мен енгізілетін жаңашылдықтар жайында айтып берді.

министрмен әңгіме
Коллаж: Kazinform/Әділет министрлігі

- Ерлан Жақсылықұлы, министр болып тағайындалғаныңызға көп уақыт болған жоқ. Десек те, ведомство жұмысын одан әрі жетілдіру үшін қандай нақты іс-шараларды жоспарлап отырсыз? 

- Сұрағыңызға рақмет. Өздеріңізге мәлім, әділет органдарының басты міндеті – заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ мемлекеттік құқықтық саясатты қалыптастыру.

Жалпы барлық бастамалар мен реформалар, ең алдымен азаматтардың игілігі үшін жасалып жатыр. Басты мақсатымыз – әділет саласындағы қызметтерді түсінікті, ашық әрі қолжетімді ету. Осыған байланысты көптеген процесті цифрландыру, қызметтерді онлайн форматқа көшіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр және бұл бағыттағы жоспарларымыз ауқымды.

Біріншіден - заң шығару процесін заманауи құралдарды қолдана отырып цифрландыру. Бұл өзгеріс заңдарды сапалы әзірлеуге, заң нормаларындағы қайшылықтарды жоюға әрі азаматтардың құқықтарын нақты және әділ қорғауға мүмкіндік береді.

Аталған бағытта жасанды интеллект негізінде «Әділет» құқықтық кеңесшісі әзірленді. Ол қазір сынақтан өтіп жатыр. Кеңесші нормативтік-құқықтық актілерді талдауға және азаматтарға қолжетімді құқықтық көмек көрсетуге арналған. Оның басты ерекшелігі – құқықтық сұрақтарға жауап берген кезде ол ақпаратты тек ашық интернет көздерінен емес, нақты қолданыстағы заңнамадан, ресми нормативтік-құқықтық актілерден іздеп, заңға негізделген нақты әрі сенімді жауап ұсынады. Оны толықтай іске қосқаннан кейінгі келесі кезең – нормативтік-құқықтық актілерді талдау арқылы қайшылықтарды іздеу, заң техникасына сәйкестігін тексеру, болжау және басқа да функционалды енгізу.

Екіншіден, әділет органдары ұсынатын қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында оларды цифрлық форматқа көшіру жұмыстарына басты назар аударылды. Атап айтсақ, «Е-notariat» арқылы тұрғындар онлайн түрде жылжымайтын мүлікті рәсімдей алады, «Zan-komegi» платформасы арқылы азаматтар құқықтық кеңеске жедел қол жеткізеді.

Сонымен қатар, цифрлық реформалар авторлық құқықты қорғау саласына да оң өзгерістер әкеле бастады. Бұрын авторлар мен құқық иелері өз шығармаларының пайдаланылуы мен сыйақысының төлену барысын толық бақылай алмады. Ұжымдық басқару ұйымдары арасындағы шарттар қағаз түрінде жасалып, рәсімдер ашық емес әрі тиімсіз жүргізілді. Бұл авторлық құқықты қорғауда сенімсіздік пен түсініспеушілік тудырды.

Аталған мәселелерді шешу мақсатында Әділет министрлігі авторлардың сыйақы алу құқығын қамтамасыз ету үшін құқықтарды ұжымдық басқару жүйесін цифрландыруды қолға алды. Қазпатент базасында авторлық және сабақтас құқықтарды басқару жөніндегі цифрлық платформа құрылады. Бұл платформада құқық иелері және ұжымдық басқарудың өзге де тараптары онлайн форматта «жеке кабинет» арқылы шарттар жасай алады. Цифрлық шарттар негізінде платформада барлық құқық иелері мен пайдаланушылардың ашық тізілімдері қалыптасатын болады. Бұл бастама шығармашылықпен айналысатын тұлғаларға өз құқықтарын тиімді басқаруға мүмкіндік беріп, авторлық еңбектің әділ өтелуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, авторлық құқық саласындағы ашықтықты арттырып, құқық иелері мен пайдаланушылары арасындағы өзара сенімді нығайтады.

Үшіншіден, сот актілерінің орындалу сапасын жақсарту және азаматтардың бұл процеске деген сенімін арттыруды жоспарлаудамыз.

Қазіргі таңда сот орындаушыларының қызметіне қатысты сот шешімдерінің уақытылы орындалмауы, ақпараттың жетіспеуі (мысалы азаматтар өз ісінің қай сатыда екенін біле алмауы), заңсыз шектеулер мен артық әрекеттер (мысалы мүлікке бұғат қою) бойынша азаматтардан көптеген өтініштер мен шағымдар келіп түседі.

Аталған мәселелерді шешу және сот актілерінің орындалу барысын барынша ашық әрі бақылауға қолжетімді ету үшін «Тараптар кабинеті» деп аталатын жаңа цифрлық шешімді ұсынамыз. Жүйе арқылы өндіріп алушы да, борышкер де сот орындаушысының іс-әрекеттерін онлайн бақылап, қабылданған шаралар туралы нақты ақпарат ала алады. Сонымен бірге, жүйе арқылы өтініштер мен шағымдар жолдау және оған жауап алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл сот орындаушыларының жұмысына бақылау жүргізу және рәсімдерді барынша ашық ету мақсатында енгізілген маңызды жаңашылдық.

Сонымен қатар, атқару өндірісі саласында бүгінгі таңда оң көрсеткішке ие «Робот сот орындаушысының» құзыретін кеңейту жоспарда бар. Бұрын жеке тұлғалар хабарлама уақтылы келмегендіктен айыппұл алғанын білмей қалатын жағдайлар жиі кездесетін. Оның үстіне қарыз уақытында өтелмеген жағдайда борышкер жеке сот орындаушысына айыппұл сомасының 25 пайызын қосымша төлеуге мәжбүр болатын. Ал «Робот сот орындаушысы» мұндай қосымша ақыны талап етпейді. Оған қоса, бұрын азаматтар қарызды төлеген соң, түбіртекті жеке сот орындаушыға апарып, шектеудің алынуын күтуге мәжбүр еді. Енді бұл процесс автоматтандырылып, азамат төлем жасағаннан кейін шектеу автоматты түрде алынады, яғни азаматтар жеңілдетілген іс жүргізу бойынша 80 мыңға (20 АЕК) дейінгі сомаларды өндіріп алу кезінде жеке сот орындаушысының қызметіне қосымша ақы төлеу міндетінен босатылды. Ендігі кезекте осыны 20-дан 40 АЕК-ке дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл борышы бар азаматтардың қаражатын және уақытын үнемдеу мақсатында жасалды.

Мұндай өзгерістер, ең алдымен азаматтардың өз құқықтарын қорғаудағы сенімділігін арттыруға бағытталған. Біз бұл саланы тек техникалық жағынан ғана емес, құқықтық мәдениет тұрғысынан да жаңартуға тиіспіз.

әділеттің цифрлық трансформациясы
Фото: Үкімет

- Келесі сұрағым сот сараптамасы қызметіне қатысты болмақ. Бұл салаға қатысты қандай да бір өзгерістер бар ма? 

- Сот сараптамасы – әділ сот төрелігінің негізі саналатын маңызды сала. Қай істің де объективті әрі нақты шешілуі сараптаманың сапасына тікелей байланысты. Сондықтан бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – зерттеулердің дәлдігі мен бейтараптығын қамтамасыз ету және ең бастысы азаматтардың толық құқығын қорғау.

Біріншіден, біз сот сараптамасын жүргізу процесін цифрландыруды қолға алдық. Қазіргі таңда қолданыстағы «Е-saraptama» жобасына жасанды интеллект пен логикалық бақылау элементтері енгізілетін болады. Бұл сараптаманың заңға сәйкестігін тексеруге, мерзімдерді бақылауға және адами фактор әсерін азайтуға мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараның элементі ретінде сот сараптамасын цифрландыру, яғни денсаулық сақтау ұйымдарының ақпараттық жүйесімен интеграциялау туралы нормаларды заң тұрғысынан бекіту мәселесі басты назарда. Бұл сот сараптамасының жеделдігі мен сапасына айтарлықтай әсер етеді.

Жалпы, сот сараптамасы саласы – жай ғана техникалық қызмет емес, ол адамның тағдырына әсер ететін өте маңызды тетік. Сондықтан бұл жүйеде сапа және азаматтық сенім басым болуы тиіс. Осыны қамтамасыз ету үшін біз барлық деңгейде реформалар жүргізудеміз.

- Жаңа өзіңіз заң шығару процестеріне бірқатар тың өзгеріс енгізу жоспарына тоқталып кеттіңіз. Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының биылғы жоспарында 19 құжат әзірлеу көзделген екен. Оның ішінде мемлекеттік, яғни қазақ тілінде дайындалып жатқандары бар ма?

- Бұл – өте маңызды әрі орынды сұрақ. Шын мәнінде, заңдарды бастапқыда қазақ тілінде жазу тәжірибесі – тәуелсіз еліміздің рухани және құқықтық дербестігін білдіретін маңызды қадам. Қазіргі таңда министрлік тарапынан заңдарды тікелей қазақ тілінде әзірлеу тәжірибесін енгізу үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Бұл бағытта алғашқы нәтижелер де бар.

Заң шығару практикасында мәтіні бірден қазақ тілінде жазылып, қабылданған мысалдар бар: «Халықтың көші-қоны туралы» және «Балалардың құқығын қорғау туралы» заңдар. Олар қолданыста және заңнамалық реттеу саласында оң бағасын алды.

Соңғы жолдары атқарылып жатқан жұмысқа тоқтала кетсек, 2024 жылы үш заң жобасы гибрид форматында талқыланып, қазақ тіліне сөзбе-сөз аударылмай, мағынасына сай жазылды. Олар: «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы», «Норма шығаруды жетілдіру» және «Мұрағат мәселелері» бойынша заң жобалары.

Сонымен бірге, Әділет министрлігі депутаттармен бірлесе отырып, 7 заң жобасының қазақ және орыс тіліндегі мәтіндерінің семантикалық сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында талдау жұмыстарын жүргізді. Талдау нәтижелері бойынша қазір тағы 4 жаңа заң жобасының қазақ тіліндегі нұсқаларын редакциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2025 жылғы жоспардағы заң жобалары бойынша да тиісті мәселелер пысықталады. Өз кезегінде, нормативтік-құқықтық актілерді қазақ тілінде әзірленуіне заңнама терминологиясының қолданылуы маңызды рөл атқарады. Бұл тек аудармалар сапасын арттыруға ғана емес, сонымен қатар заң шығару үдерісінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге де оң әсерін тигізеді. Осыған байланысты құқықтық терминдердің бірыңғай сөздігін бекіту жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазір бұл бағыт – заңдарды аударма арқылы емес, бастапқыда мемлекеттік тілде сапалы дайындау. Бұл тек тіл саясаты үшін емес, құқықтық мәдениеттің дамуы үшін де үлкен мәнге ие. Біз мұны кезең-кезеңімен, бірақ жүйелі түрде іске асырамыз.

- Соңғы сұрағым мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғауға қатысты. Әділет министрлігі шетелдік соттарда еліміздің мүддесін қорғау жұмыстарымен айналысатынын білеміз. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып кетсеңіз.

- Бұл – өте жауапты әрі стратегиялық бағыт. Қазақстан – халықаралық аренада инвестициялық тартымдылығын сақтауға мүдделі мемлекет. Сондықтан қандай да бір даулар туындаған жағдайда өзіміздің ұлттық мүдделерімізді кәсіби әрі дәлелді түрде қорғауымыз керек.

Әділет министрлігі Үкіметтің консультанттарымен бірлесіп, шетелдік төреліктер мен соттарда еліміздің мүддесін қорғауды, дау тараптарымен келіссөздер жүргізуді және Қазақстанның ұстанымын неғұрлым тиімді қорғау жөніндегі құқықтық стратегияны әзірлейді, сондай-ақ дауларды сотқа дейінгі тәртіппен реттеу бойынша жұмыстарды үйлестіреді.

Қазіргі уақытта Әділет министрлігі Еуропалық Одақ елдері және АҚШ, Ресей Федерациясы, Швейцария және басқа да елдердің юрисдикцияларындағы шамамен 20 іс бойынша мемлекеттің мүдделерін қорғау бойынша жұмысты жүргізіп отыр. Аталған даулардың үштен бірі аяқталуға жақын. Мысалы, «World Wide Minerals» компаниясымен дауда төрелік шешім Қазақстан пайдасына шықты. Нәтижесінде республика компанияға 65 млн АҚШ долларын төлеуден босатылып, керісінше төрелікке кеткен шығындардың 75 пайызын өтеуді талап ету мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен қатар, 2024 жылы 7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау аясында мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау саласына отандық заңгерлік компанияларды сарапшы ретінде тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аталған жұмыстардың нәтижесінде шетелде мемлекеттік мүдделерді қорғауға қабілетті ұлттық құзыретті кадрлар корпусы қалыптасады деген сенімдеміз. Бұдан басқа, отандық заң фирмаларын тарту салық төлеушілердің қаражатының ел экономикасында қалуына ықпал ететін болады. Сонымен қатар, қазақстандық сарапшыларды тарту ірі әлемдік заң фирмаларының ұқсас ұсыныстарымен салыстырғанда едәуір тиімдірек болмақ. Осылайша Қазақстанның заңды мүдделерін кәсіби, шығынсыз және беделді қорғауды қамтамасыз етеміз. Бұл - тек бір дауды шешу емес, еліміздің беделін инвестициялық беделін қорғау деген сөз.

Жалпы қорытындылай келе, Әділет министрлігі азаматтарға бағытталған қызметтерді дамыту арқылы құқықтық сенімді нығайтуды мақсат етеді. Әділет – жәй ғана жүйе емес, бұл – әр азаматтың тағдырына, сеніміне тікелей әсер ететін тірек. Біз жасап жатқан әр өзгеріс, әр қадам халыққа жақын, әділ әрі ашық әділет жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Алдағы уақытта да әділет жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтарын қорғау және халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жұмыстарымызды жалғастырамыз.

Соңғы жаңалықтар