Шетелде оқу мақсат емес, арманға жетудегі бір қадам болуы керек - Болашақ стипендиаты
- Алмас, қазір «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та білім алып жатырсыз, оқу орны қалай аталады, қандай мамандық алып шығасыз? Бұл мамандық еліміз үшін қаншалықты маңызды?
- АҚШ-тың Флорида штатында магистратурада халықаралық бизнес бағыты бойынша білім алып жатырмын. Бұған дейін халықаралық компаниялармен, шетелдіктермен жұмыс істейтін ұйымда еңбек еттім, сондықтан бұл сала маған жақын әрі қызықты болды. Одан басқа щетелдіктермен қарым-қатынасымызды жақсартып, олар Қазақстанға қандай жаңашылдықтарын енізуі мүмкін, елімізге қандай пайда әкеле алады деген ой туған еді. Технологиялық үдеріс, инновациялар немесе экономикалық ахуалды жақсартатын қандай да бір жаңалықтар, дамыған елдердің тәжірибелерін елімізге әкелу – тағы бір себеп болды осы мамандықты таңдауыма.
- Бұған дейін Түркияда, Польшада оқыдыңыз, бұл жолы сол алған біліміңізді әрі қарай жетілдіріп жатырсыз ба, әлде мүлде басқа салаға ден қойдыңыз ба?
- Бакалаврды Түркияның Стамбұл қаласында бастадым. Одан кейін Польшаның университетінде жалғастырдым. Жалпы, қазіргі оқуым осыған дейін алған білімімнің жалғасы деп айтуға болады. Стамбұлда IT және бизнес бағытында оқысам, Польшада менеджментті жалғастырдым. Бұлар бір-біріне өте жақын, бірін-бірі алмастырып немесе толықтырып тұратын салалар.
- Неліктен таңдау АҚШ-қа, соның ішінде Флорида университетіне түсті?
- University of Florida – әлемдегі үздік университеттердің қатарында. Барлық бағыттар, соның ішінде бизнес бойынша рейтингісі жоғары. Сол себепті «Болашақ» бағдарламасының тізіміне енген. Сондай-ақ, бұл жоғары оқу орнында зерттеуге қатты көңіл бөлінеді, бұл жұмысқа млн-млрд-тап қаржы бөледі. Нәтижесінде көптеген салаларда, соның ішінде жасанды интеллектіде үлкен жетістіктерге жетіп отыр.
- Оқу бағдарламасында қандай пәндер бар, жалпы оқу процесі қалай құрылған?
- Халықаралық бизнес бағыты болғандықтан, пәндер жиынтығы ауқымды. Бизнес ұғымы кең ғой. Студенттер осы саланың ішінде қандай бағыттарды зерттегісі келеді, жалпы өзін не қызықтырады – сол пәндерді таңдай алады. Берілген пәндердің тең жартысын меңгеруге міндетті болсақ, қалғанын студенттер өздері таңдайды. Мысалы, макроқаржы, халықаралық қаржы, стратегиялық шешімдер қабылдау пәндері, бұдан басқа халықаралық бизнес жүргізу әдістері, логистикаға, жасанды интеллектіге қатысты пәндер бар.
- Әдетте бір күніңіз қалай өтеді?
- Оқу сағат 9:00-де басталады. Түске дейін лекциялар, ал түскі асымызды ішкеннен кейін үйге берілген тапсырмаларды орындаймыз, өз жобаларыммен айналысамын. Бұл жұмысты кейде 1-2 сағатта істеуге болады, кейде шұғыл тапсыру керек болса, кешке дейін жүресің. Ал, қолым босаған жағдайда уақытты отбасыммен бірге өткізуге тырысамын. Бірақ, жұмыс аптасының негізгі бөлігі оқуға кетеді, зайыбым, балаларыммен көбінесе апта соңын бірге өткіземіз. Белсенді демалысты жақсы көреміз. Міндетті түрде спортпен шұғылданамын. Берілген тапсырмаларды уақытында өткізіп, емтихандарды тапсырғаннан кейін, көбінесе осы Флорида штатының маңайындағы қалаларға қыдырып, серуендейміз. Орландо деген қала бар, онда бәріңізге жақсы таныс Диснейленд және Universal Studios деген ойын-сауық орталығы орналасқан. Тампа деген қала бар. Мен тұрып жатқан Гейнсвилл осы екі қаланың ортасында орналасқан. Сондықтан, барып келуге өте ыңғайлы. Осы жақтағы жаңа достарымызбен де жиі араласамыз, олармен табиғат аясына шығып, серуендейміз.
- Қазір жастар арасында жақсы үрдіс бар, оқып жүріп жұмыс істейді. АҚШ-та ол мүмкін бе?
- Әрине, АҚШ-та оқи отыра жұмыс істеуге болады. Халықаралық студенттерге 20 сағатқа дейін жұмыс істеуге рұқсат бар. Шетелдік студенттер бұл мүмкіндікті пайдаланады. Бір ғана талабы – атқаратын жұмысы кампус ішінде болуы қажет. Көбінесе кофеханаларда, мейрамханаларда еңбек етеді. Жаттығу залдарында, жалпы кампуста орналасқан барлық қызмет көрсету орындарында жұмыс істеуге болады.
- Бірнеше шет елде білім алдыңыз, яғни салыстыра аласыз. Ерекшеліктерін айта аласыз. Қай жақта білім алған қазақстандық студенттерге жайлы, неліктен?
- Түркияда және Польшада бакалаврда оқығанымды айттым. Бұлардың әрқайсысы өз таңдаған бағыттарында мықты. Мысалы, бизнес пен менеджмент осы екі елдің жоғары оқу орындарында жоғары деңгейде. Ал, АҚШ-та әлемнің ең мықты компаниялары орналасқан, осыдан-ақ бизнестің қандай жолға қойылғанын, қандай тәжірибе алуға болатынын бағамдай беріңіз. Ал жалпы, адамның жеке қызығушылығына байланысты дер едім.
- Шетелдік жоғары оқу орнын таңдағанда неге аса мән беру қажет?
- Шетелдік университетті таңдамас бұрын ол сізге қажетті мамандыққа оқыта ма, соны білуіңіз керек. Қаншалықты нақты және терең білім беріледі, университеттің рейтингі қандай – осыған мән берген жөн. Университеттің қай елде орналасқаны да маңызды. Ертең алған мамандығыңыз бойынша жұмысқа орналаса аласыз ба, нарықта қаншалықты сұранысқа ие, қандай мүмкіндіктеріңіз болады? Басқа жоғары оқу орындарымен қандай қарым-қатынаста, студенттермен алмасу бағдарламасы жұмыс істей ме – соның бәрін алдын ала зерттеу қажет.
- Жаңа жерге, тілдік ортаға үйренісу қаншалықты қиын болды? Жалпы, тілді жетік білу қаншалықты маңызды?
- Менде бұл жағынан кедергі болған жоқ. Өйткені, шетелде оқыдым, сондай-ақ қазақ-түрік лицейінде оқығандықтан, мұнда ағылшын және түрік тілдерін жақсы меңгеріп шықтым. Негізгі іргетасы қаланғандықтан, маған оны университетте әрі қарай меңгеру жеңіл болды. Әрине, тілден басқа ортаға, табиғатына, адамдарына үйреніп, бейімделуің керек, оған 1-2 ай уақыт береді.
- Қанша тіл білесіз? Тілді үйрену үшін ынта жеткілікті ме? Тағы қандай тілдерді үйренгіңіз келеді?
- Әрине, тілді үйренуге ең алдымен ынта керек. Сосын міндетті түрде әрдайым тұрмыста қолдануға тырысу қажет. Жалпы бір байқағаным, тілді тәжірибе барысында тез үйренуге болады, яғни сол тілде сөйлейтіндермен қарым-қатынас орнату керек. Жалпы өзім қазір ана тілім және орыс тілінен басқа ағылшын, түрік тілдерін жетік меңгергенмін. Польшада білім алғандықтан, поляк тілін білемін. Болашақта испан, неміс және француз тілдерін үйренгім келеді. Өйткені, бұл тілдер әлемдік маңызы бар тілдер қатарында, олардың қолданысы арта түседі, сондай-ақ қытай тілін меңгерсем деген ойым бар. Қытай – үлкен нарық, сол нарықта бизнеспен айналысу үшін, шетелдік инвесторларды тарту үшін бұл тілді білу маңызды.
- Отбасыңызбен, соның ішінде балабақша жасындағы екі балаңызбен қазір АҚШ-та тұрып жатырсыз. Қалай орналастыңыздар?
- АҚШ-қа көшіп келгеннен кейін екі айдай бейімделу кезеңін бастан өткердік. Ал, балаларды балабақшаға орналастырып, олардың үйренісіп кетуі үшін 3-4 айдай уақыт өтті. Тезірек ортаға қалыптасу үшін бейімделу кезеңін жергілікті халықпен танысып, араласуға арнадық, университетте өтетін түрлі іс-шараларға қатыстық, мұның да үлкен бір көмегі болды. Балаларымыздың балабақшасында болып жатқан, қалада ұйымдастырылған іс-шаралардан қалмауға тырыстық.
Отбасымның қасымда болғанына қуаныштымын. Зайыбым екеуміз бар қиындықты да, қызық-қуанышты да бірге көріп келеміз. Жалпы, бұл сапар біздің өміріміздегі мол тәжірибе болды.
- Елімізде баланы балабақшаға орналастыруда өзіндік қиындықтар бар. Шетелде орын жетіспеушілігі сияқты мәселелер бола ма, әлде сізге студент ретінде қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
- Мен оқып жатқан қала – студенттік қала деп есептеледі. Сондықтан үйге де, балабақшаға да сұраныс өте жоғары. Осыған байланысты келген кезде қиындықтар болды. Мәселен, сапалы тәрбие беретін балабақшаларға жарты, бір жыл бұрын кезекке тұру қажет. Бірақ, біздің жолымыз болды, 2-3 аптадан кейін мектепке дейінгі мекемеден орын тауып, орналастырдық. Бұл мәселелерді шешуге университет тарапынан көмек көрсетіледі, бірақ сұраныс жоғары болғандықтан кезек ұзын.
- АҚШ-та сізді қатты таң қалдырған нәрселерді тізбектеп берсеңіз...
- Ондай нәрсе көп, соның бірі – инфрақұрылымның қаншалықты деңгейде дамығаны. Жолдар өте сапалы жасалған, бұл саяхаттауға, бір қаладан екіншісіне баруға ыңғайлы. Жол бойындағы қызмет өте дамып кеткен. Екі қала арасындағы жолда, әр 10-15 миль сайын жанар-жағар май құю бекеті, түрлі дәмхана-мейманханалар, көлікті тоқтатып, демалуға болатын орындар, әжетхана тұр. Бұл туризмді дамыту үшін аса керек және жергілікті тұрғындар үшін де осындай жағдай жасалуы тиіс.
Екінші таңқалдырғаны – америкалықтардың тұтыну деңгейінің жоғарылығы. Олар өздеріне қажет заттарды, көптеген затты оңай, көп қаражат жұмсап сатып ала алады, яғни тұрмыс жағдайлары өте жоғары. Америка тұтынушылық қабілеті жағынан әлемдегі №1 мемлекет болып саналады.
Тағы бір қызық жайт, америкалық фильмдерде көрсетіліп жатады, қоғамдық кір жуатын орындар. Бұл АҚШ-та қатты дамыған, олар өте көп. Бірқатар штатты араладым, баспаналары негізінен ескі, сол себепті кір жуғыш машина қоюға жарамайды, құбырлары оған арналмаған.
Ал оқуға байланысты айтар болсам, студенттер лекцияға 100 % дайын келуге тырысады. Өйткені, бұл лекциялар арқылы студенттердің қаншалықты дайындығы сыналады, көптеген сұрақтар қойылады лекция үстінде, сол жағы таңқалдырды. Қойылған сұрақтарға тиянақты және түбегейлі жауап беруге тырысады.
- Сіз оқитын университетте білім алып жүрген қазақтар көп пе?
- Мен оқып жатқан университетте оншақты қазақ бар. «Болашақ» бағдарламасымен де, басқа да жобалармен білім алып жатыр. Көбінесе Қазақстанның орталығынан, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан келгендер.
Жалпы, қазақ диаспоралары әр қалада бар. Олар бір-бірімен араласады, жақсы байланыс орнатылған. Түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады, мерекелерді бірге атап өтеміз. Мәселен, биыл Наурыз мерекесін Орландо қаласында атап өттік. 120-130 адамдай болды. Керемет өтті, ұлттық киімдерімізді киіп, бауырсақ пісіріп, дастархан жайдық.
- Шетелде оқығысы келетін жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
- Ең бастысы - тілді жақсы меңгеру, білу қажет. Оны шетелге шықпас бұрын мектепте жүріп үйренген дұрыс. Қазіргі таңда онлайн курстар да жеткілікті, мектептердің өздерінде де тілді үйретуге жақсы жағдай жасалған, соны дұрыс пайдалану керек. Әрқашан да алға қойған мақсаттарыңызға, армандарыңызға сеніңіздер. Сеніп, еңбектенсеңіздер, сол армандарға жетуге болады. Шетелге шығу негізгі мақсат емес, ол арман-мақсаттарыңызға жетуге жағдай жасайтын бір қадам болуы тиіс.
- Әңгімеңізге көп рахмет!