Шетелде сотталған Қазақстан азаматтарының көбі қай мемлекетте жазасын өтеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Қазақстанның бір мыңға жуық азаматы шетелде жазасын өтеп жатқанын айтты.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар шетелде сотталған Қазақстан азаматтарының өз елінде жазасын өтеуге бас тартуы себептерін сұрады.
Бұл тұрғыда Ғ. Қойгелдиев сотталған адамды елімізге алып келу үшін оның келісімі болуы керек екенін айтты.
- Келісімі болмаса, оны мәжбүрлеп әкеле алмаймыз. Ондай мысалдар бізде бар. Қазір Қазақстанның 958 азаматы шетелде жазасын өтеп жатыр. Олардың көбі, яғни 700-ден астамы Ресейде. Соның арасында Қазақстанда қалған жазасын өтегісі келмейтіндер бар. Себебі, бұл сотталғандардың сол елдерде туыстары мен отбасы тұрып жатыр, - деді Бас прокурордың орынбасары.
Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.