Шетелдегі қазақ балалары Бурабайда демалады

АСТАНА. KAZINFORM - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен, Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Балдәурен» балаларды сауықтыру орталығына шетелдегі қазақ балалары келіп демалады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Қарлығаш Бекпатшақызы айтып берді.

Қарлығаш Бекпатшақызы
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы/Kazinform

- Бұл жоба, 2003 жылы жеті баладан басталған болатын. 2017 жылы өткен соңғы бесінші құрылтайдан кейін қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы министрге кіріп, берілген квота санын көбейтуге ықпал етті. Биылғы жазғы демалысқа 288 бала келу жоспарланған. Алдыңғы тәжірибелерге сүйене отырып берілген квота шетелдегі қазақ диаспорасына келесі тәртіппен бөлінген еді: Ресей - 55, Монголия - 55, Өзбекстан - 55, Тәжікстан - 10, Қытай - 55, Қырғызстан - 35, Еуропа - 4, Түркия - 5, Ауғанстан - 5, Сауд Арабиясы - 5, Түркіменстан - 2, Иран - 2. Алайда әлемдегі тұрақсыздыққа байланысты Европа мен Түркияда тұратын балалар келмейтін болды, - дейді Қарлығаш Бекпатшақызы.

Оның айтуынша шараға жолдама алған балалар өнер, білім, спорт бағыты бойынша іріктелген деген кіл мықтылар.

- Өтініш білдірген қандастардың ішінен жетістігі бар, әртүрлі сала бойынша жүлде алған дарынды балалар іріктеледі. Шараның басты мақсаты – шетелдегі қазақ балаларын Атажұртымен байланыстыру. Қазақ ұлтының болымыс, бітімін, салт-дәстүрін, тілі-дінін тереңдей түсінуге көмектесу. Сол арқылы олардың болашақта елге келіп, оқып, осында бір кісілік еңбек етуіне жол ашу, - дейді Қарлығаш Бекпатшақызы

Айта кетейік, 2025 жылғы 7-21 шілде аралығында "Балдаурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Мен Qazaqрyn» Халыкаралық балалар құрылтайы (Ақмола облысы, Бурабай ауданы) өтеді.

Бұған дейін Иран мен Қытайдан оралған қандастардың теріскейдегі тыныс-тіршілігі туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар