Шетелдегі қандастардың дәстүрлі өнерге деген ықыласы ерекше - Арай Асқапқызы, дәстүрлі әнші

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Данышпан Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген сөздері қазақ өмірінің бүкіл тыныс-тіршілігі өлеңмен өрнектелетінін айқын көрсетеді. Халықтың дәстүрлі әндерінің таралып, біздің дәуірімізге жетуінің өзі халық әнші-лерінің өнерімен тығыз байланысты. Өйткені әншілер арқылы әндердің терең сырына қанығамыз, тарихын ұғынамыз. Әншілердің шығармашылық жолы ұлттық дәстүрді сақтаушы ғана емес, бұрынғы мен бүгінгінің арасын жалғастырушы ретінде көрінеді. Сонымен бірге әр өңірде халықтың әншілік дәстүрі өзіндік бояуымен сақталғаны белгілі.

Ел аралап, өнер көрсеткен өнерпаздар әр елдің мәдениетін тоғыстыруда, әр өңірдің әншілік сарынын насихаттауда үлкен рөл атқарған. Еліміз Тәуелсіздік алған соң Елбасының қамқорлығымен ата мекенге ағылған көшпен бірге шеттегі қазақтар арасында сақталған қазақтың ән-жыры, талай тарлан тарихтың куәсі болған өзгеше әуендері келді. «Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар», демекші кейде даңғара эстрадан көрі қазақтың дәстүрлі әндері қанымызға жақын сезіледі. Алайда бүгінгі жас әншілерді көбі эстрадалық әндерді орындауға құмар. Қазақтың қара домбырасын қолға алып, алты қырды асыра ән салатын жастардың шоғыры аз. Сол санаулы әншілердің бірі, Алтайдың арғы бетінде өмір есігін ашып, Алтай әуендерімен сусындап өскен қаракөз қандасымыз, бұл күнде елге оралып, дәстүрлі ән өнерінде өзіндік үнімен, өзгеше орындаушылық мәнерімен көзге түсіп жүрген жас әнші, Алматы қалалық «Күміс көмей» ән байқауының жүлдегері, Дәнеш Рақышев атындағы республикалық конкурстың жеңімпазы, Кенен Әзірбаев атындағы республикалық байқаудың бас жүлдегері Арай Асқапқызын әңгімеге тартқан едік.

- Ең әуелі әңгімеңізді өзіңіз туып өскен Алтай әуендерінің ерекшелігенінен бастасаңыз?

- Жалпы қазақ әндерін бөліп-жарып қарауға келмейтін үлкен тұтас тұлға. Біздің әндерімізде ұлтымыздың болмысы, қасиеті, мінезі жатыр. Үлкен жағынан ұқсас деуге болады. Дегенмен әр әннің өз тарихы бар екені белгілі. Сол себепті де әр өңірде өмірге келген әуендердің өзіндік ерекшелігі болатыны сөзсыз. Өзім туып өскен Қытай қазақтары арасында кең таралған әндердің көбі халқымыздың басынан кешкен тарихи сәттерінің туындысы. Мысалы «Ағажай Алтай», «Сұлубайдың әні», Бүркітбайдың әні «Ой, Ғайша» секілді әндердің астарында үлкен ащы тарих жатыр. Бұл әндерде кең даланың сарыны, үлкен мұңы бар. Өлеңі де қарапайым қара өлеңге құрылған.

- Қазақ еліне қашан келдіңіз, қайда оқыдыңыз?

- Тәуелсіз елдің табалдырығын 2004 жылы аттадым. Анамның айтуынша, кішкентай күнімнен әнге әуес болып өсіппін. Жеті жасымнан бастап домбырада еркін ойнай білдім. Туған ауылым Алтайдың арғы жағында Қазақстан шекарасына жақын орналасқандықтан, біздің үйде Қазақстандық телеарналарды көруге мүмкіндік болды. Сол кезде, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы туралы көп айтылып жататын. Анам маған «қызым, Алла қаласа кейін сені осы жерден оқытамын», дейтін. Өзім де Қазақ елінде оқуды ерекше армандайтын едім. Анамның ақ тілегі қабыл болып, 2006 жылы киелі қара шаңырақ ұлттық консерваторияға оқуға түстім. Арқа әншілік мектебі бойынша оқып бітірдім. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Исатаева секілді үлкен ұстаздардан сабақ алдым. Университет қабырғасында жүргенде көптеген байқауларға қатысып, жүлдегер атандым. Қазір Астана қаласы Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әншісімін.

- Әндерді қалай таңдайсыз? Репертуарыңызда қанша ән бар?

- Репертуарымда халық әндері, халық композиторларының әндері және бүгінгі композиторлардың әндерінен құралған 200-ге жуық ән бар. Арқа әндерін, Алтай Тарбағатай әндерін негіз етіп орындаймын. Кең диапазонды әндерді таңдауға тырысамын. Әскери орталықта қызмет істеп жатқаннан кейін патриоттық әндерді де орындап жүрмін.

- Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында алғашқы ән кешіңізді бергелі жатыр екенсіз. Бұл кештің басты мақсаты не?

- Тәуелсіздік - бұл мен үшін ең қасиетті ұғым. Біздің ешнарсемен өлшей алмайтын басты байлығымыз. Тәуелсіз елде анамның ақ тілегі, менің бала күнімгі арманым орындалды. Тәуелсіздіктің арқасында елге келіп, Құрманғазы атамыздың атындағы үлкен өнер ордасында білім алу бақыты бұйырды. Сол мандық бойынша халықтың алдында өнерімді көрсетіп жүрмін. Отбасылы болдым. Бір ұлдың анасымын тәуелсіз елдің нұр шұғыласына бөленіп, өсіп келе жатқан ұрпағымды көріп өзімді ерекше бақытты сезінемін. Міне осы құндылықтардың бәрін маған тәуелсіз елде өткен жылдарым сыйлады. Еліміз Тәуелсіздігінң 25 жылдығына орай халыққа азда болса мерекелік көңіл-күй сыйлайын деген ниетпен, Алла бұйырса, 25 қараша Целиноград аудандық мәдениет үйінде «Тәуелсіз еліме тарту» атты алғашқы ән кешімді өткізбекпін. Бұл менің әлемдегі бар қазақтың тірегі болған Тәуелсіз Қазақ еліне, Ел тізгінін ұстаған Ұлы көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген алғысым деп білемін.

- Шетел қазақтары арасына жиі концерттік сапармен барып тұрады екенсіз? Шетелдегі қазақтардың дәстүрлі өнерге ықыласы қандай?

- «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының» ұйымдастыруымен шетелдегі қазақтар арасында көптеген өнер сапарларында болдым. «Туған елдің қадірін шет жүргенде білерсің» дейді халқымыз. Әр жолы шеттегі қандастардың жанарынан үлкен сағыншты көремін. Сондықтан да шығар, қандастардың дәстүрлі өнерге, қазақ әндеріне деген құрметі шексіз. Әсіресе қазақтың қара домбырасымен салған әндері ұйып тыңдайды. Жалпы ертеден үзілмей келе жатқан ұлттық болымысымыздың бір бөлшегі шеттегі қандастарымызда жатыр. Бүгінгі жаһандану дәурінде олардың да сол жердің тұрғылықты ұлттарына сіңсіп, жұтылып кетуі алдында тұр. Тілден, діннен ажырамай тұрғанда елге жетіп алса екен деп армандаймын.

Соңғы жаңалықтар