Шетелден 7 айлық бала табылып, Қазақстанға қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 7 айлық Қазақстан азаматының Ресей Федерациясынан елге оралғанын хабарлады.

ребенок
Фото: pixabay

Сәби денсаулығын қарап тексеру үшін балалар ауруханасына жатқызылды. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақты. Медициналық шаралар аяқталған соң нәресте «Балалар үйі» КММ-не жіберіледі. Баланы алып келу процесіне әдіскер-қамқоршы және анестезиолог-реаниматолог қатысты.

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің нақтылауынша, нәрестені анасы Ресей аумағында босанып,  одан бас тартқан.

«Біз үшін әрбір баланың қандай жағдай болмасын, қажетті қолдау алуы маңызды. Сондай-ақ, еліміздің әрбір азаматына барынша қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысудамыз. Тиісті органдар мен мамандар кішкентай нәрестені елге қайтару үшін орасан зор жұмыс атқарды. Осы жақта оның өсіп-жетілуі үшін білікті мамандар қолдан келгеннің бәрін істейді», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

 

«ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ете отырып, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі белсенді жұмысты жалғастыруда. Біз қажет болған жағдайда балаларды Отанына қайтару үшін бар күш-жігерімізді саламыз және олардың кәсіби мамандардың қамқорлығында болуын қамтамасыз етеміз», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар