Шетелден ауру мал көп келеді – экс вице-министр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметін атқарған Төлеутай Рақымбеков сыбайлас жемқорлықты бақылау жөніндегі арнайы топтың құрамына енді. Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында топ мүшесі агроөнеркәсіп саласындағы жемқорлық туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қыруар қаржы бөлініп келеді. Бір субсидияның өзі он бес жылда 100 есеге өсті. Бұрын 3,5 миллиард теңге болса, қазір субсидиялардың көлемі 300 миллиардтан асады. Өкінішке қарай, жемқорлық әрекеттері де аз емес. Мәселен, облыстық және аудандық деңгейде субсидияларды таратқанда сыбайлас жеқорлық жиі болып жатады. Ондай фактілер баршылық. Несие ставкасын субсидиялауды алайықшы, 4 мыңнан астам шаруа құжат жинап жүгіреді. Олардың барлығы ауданда, ал жергілікті жерде бюрократия ушығып тұр. Одан да ауылдық несие беру серіктестеріне бере салған жеңіл емес пе? 180 серіктестік қана, олар өздері таратып бере салады. Шаруаларды құжат жинаумен жүгірткенше субсидияны осында - Астанада бір рет бере салған дұрыс», - деді Т.Рақымбеков.

Оның айтуынша, жыл сайын тамыз айында жанар-жағармайдың бағасы қымбаттап кетеді. Осы кезде орталық мемлекеттік органдар жеңілдетілген бағамен дизельді отынды тауып береді де, облыстарға таратуды тапсырады. Алайда операторды облыстар өздері таңдайды. «Ол операторды қалай таңдайды? Кім таңдайды? Ондай «бақытқа» кім ие болады? Бірде-бір заңнамада операторды таңдау ережесі жазылмаған. Демек, жемқорлық қаупі бар. Сосын жанар-жағармай келгеннен кейін аудан әкімі шаруаларды жинап алып, бәрін жылдам сатып алуды тапсырады. Ал оны бірден алып кету мүмкін емес. Біреудің сақтау қоймасы бар, біреуде жоқ. Сөйтіп, жанар-жағармай біреуге жетеді, екіншісіне жетпей жатады», - деп атап көрсетті Т.Рақымбеков.

Маманның сөзіне қарағанда, шетелден асыл тұқымды мал жеткізу саласында да заң бұзушылықтар баршылық. Қазақстанға ауру малды көптеп кіргізеді. «Алдағы уақытта бір миллион бас асыл тұқымды малды шетелден алып келу жоспарланған. Ол, шамамен, 3 миллиард доллар. Әрбір басқа 225 мың теңге көлемінде субсидия беріледі. Алайда шетелден, көбінесе, ауру малды әкеледі. Мәселен, 2014-2015 жылдары жеткізілген асыл тұқымды малдың 30-40 проценті аурудан өліп қалды. Бұл - сарапшы мамандардың қорытындысы. Былтыр ғана Ақтөбе облысында шетелден енді ғана келген 300-400 малдың бәрі өлді. Оған қыруар қаржы бөлінді ғой. Субсидиясы бар, кедендік жеңілдіктер бар. Осының бәрін бақылауға алу қажет», - дейді ол.

Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Т.Рақымбеков ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметін атқарды.

Жемқорлықты бақылау тобы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен құрылды. Оған 35 адам кіреді.

Соңғы жаңалықтар