Шетелден оралған азаматтардан денге қызбасы мен безгек анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері елімізде денге қызбасының 14 жағдайы тіркелген. Ауру Мальдив аралдары, Вьетнам, Үндістан және басқа да елдерден оралған азаматтардан анықталған.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлім етті.
Комитет төрағасының айтуынша, Алматыда Мальдив аралдарынан келген жеті адамнан, Вьетнамнан оралған екі азаматтан денге қызбасы анықталған. Үндістан мен Дубайдан келгендер арасында бір-бір жағдайдан тіркелген.
Астанада Вьетнам мен Индонезиядан оралған екі адам осы ауруға шалдыққан. Қостанай облысында Вьетнамнан келген бір азаматтан денге қызбасы анықталған.
Сархат Бейсенова қолындағы мәліметке сүйеніп, қарашада денге қызбасының жаңа жағдайлары тіркелмегенін айтты.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері шетелден оралған бес адамнан безгек анықталған. Оның төртеуі Алматыда, біреуі Астанада тіркелген. Төрт науқасқа тропикалық безгек, біреуіне үш күндік безгек диагнозы қойылған. Барлық жағдай зертханалық тексеру арқылы расталған.
– Науқастар Африкаға, атап айтқанда Уганда, Гана, Габон мен Занзибарға барған. Бір науқас Вьетнамнан келген, – деді С. Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Комитет төрағасы қазақстандықтарға жұқпалы аурулар тіркелетін елдерге сапар алдында мұқият дайындалып, сақтық шараларын сақтауға кеңес берді.
Бұған дейін безгек пен денге қызбасының тропикалық аймақтардан тыс жерлерде тарала бастағанын хабарлаған едік.