Шетелден жеткізілген дәрі-дәрмек тыңғылықты тексеріледі — ДСМ
АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстанға жеткізілетін дәрілік препараттарға толық сараптама жасалады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов мәлім етті.
Сонымен қатар ол елге ресми түрде жеткізілетін дәрі-дәрмектің басым бөлігі шетелден келетінін айтты. Олардың барлығы тиісті тексеруден өтеді.
— Егер дәрі-дәрмекті шетелде жеке өзіңізге алсаңыз, мұны мемлекет бақыламайды. Шектеулі препараттар болса, оны кеден қызметі көреді, яғни психотропты заттар тасымалдануы мүмкін, — деді Ербол Оспанов.
Оның айтуынша, адамдардың жүрек ауруына немесе онкологияға тиісті препараттарды шетелде сатып алуына шектеу жоқ.
— Ал алыпсатарлық мақсаттағы әрекеттер заңға қайшы. Оны құзыретті органдар бақылайды. Бірақ ресми түрде Қазақстанға жеткізілетін дәрілер бар. Оны дистрибьютор міндетті түрде тіркейді. Бұл тұрғыда арнайы мемлекеттік мекеме сараптама жасап, препараттың құрамын зерттейді, өндірушінің зауыттан тиісті құжаттарды алдыртады, — деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елде отандық дәрі-дәрмек үлесін 50 пайызға жеткізу үшін 7 жоба қарастырылып жатыр.
2024 жылы бұл көрсеткіш 15 пайыз болған.