Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Астана халықаралық форумы, алғашқы гибридті электр станциясы және Германияға мұнай жеткізуді ұлғайту

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдік БАҚ-та Астана Халықаралық форумы, еліміздің итальяндық серіктеспен бірге алғаш гибридті электр станциясын салу жоспары, Қазақстанның Германияға мұнай жеткізуді ұлғайту мүмкіндігі және Францияның Alstom компаниясының Қазақстандағы қызметінің кеңеюі туралы мақалалар легі жарияланды. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолу мақаласында.

Reuters: Eni компаниясы және «ҚазМұнайГаз» Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері мен газдан қуат алатын алғашқы гибридті электр станциясын салады

8 маусымда Reuters агенттігі итальяндық энергетикалық компания Eni (ENI.MI) мен қазақстандық мұнай-газ операторы «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) Қазақстанның жаңартылатын энергия және газ гибридті электр станциясын салу үшін бірлесіп жұмыс істейтінін хабарлады.

«Біз бүгін жариялаған жоба Қазақстанның декарбонизацияға дейінгі жолын қолдай отырып, жаңартылатын энергия көздерін өндіру бойынша қуатын арттыруға тағы бір қадам»,- деді Eni бас директоры Клаудио Дескальци Reuters агенттігіне.

Фото: REUTERS/Stefano Rellandini

Ол өз сөзінде Қазақстандағы бұл отандық өндіріске және төмен көміртекті электр энергиясын жеткізуге арналған бірінші нысан екенін атап өтті. Оның қуаты 250 мегаватт болады және оған күн, жел, сондай-ақ газбен жұмыс істейтін электр станциясы кіреді. Eni компаниясы Қазақстанда 1992 жылдан бері жұмыс істейді және ол - Қарашығанақ газ кен орнының бірлескен операторы, Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі алып Қашаған газ кен орнындағы жобалардың үлестік серіктесі.

Anadolu Agency:Қазақстан 2024 жылдың соңына дейін мұнай өндіруді өз еркімен қысқарту мөлшерін белгіледі

5 маусымда Anadolu агенттігі Қазақстан Энергетика министрлігінің мәлімдемесіне сүйеніп, Қазақстан мұнай өндіруді ерікті түрде тәулігіне 78 000 баррельге қысқартуды 2024 жылдың соңына дейін тағы бір жылға ұзартатынын жазды. Бұл мәлімдеме мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) және оның одақтастарының ОПЕК+ шешіміне сәйкес келеді.

Шілде айында Сауд Арабиясы өндірісті қосымша ерікті түрде тәулігіне 1 миллион баррельге қысқартып, нарықтағы ойыншыларды таң қалдырды.

Фото: aa.com.tr

Сонымен бірге, ведомство мұнай өндірудің бұл қысқаруы 4 маусымда өткен ОПЕК+ министрлерінің 35-ші отырысында келісілген өндірудің қажетті деңгейіне негізделіп есептелетінін атап өтті.

Аljazeera: Қазақстан – Солтүстік, Оңтүстік, Шығыс пен Батысты байланыстыратын көпір деген тақырыпта мақала жариялады

6 маусымда Аljazeera басылымы Қазақстан – Солтүстік, Оңтүстік, Шығыс пен Батысты байланыстыратын көпір деген тақырыпта мақала жариялады. Басылым Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 8-9 маусымда елордада өткен көпжақты мәдениетті жаңартуға бағытталған жаһандық іс–шара - Астана халықаралық форумы туралы жазды.

Форум әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қатысушыларға жаһандық сын-қатерлерді шешуге және жаңа жолды белгілеуге мүмкіндік береді. Астана халықаралық форумы сияқты іс-шаралар бізге қазіргі уақытта адамзат алдында тұрған негізгі жаһандық сын-қатерлерді қалай еңсеруге болатынын қарастыруға мүмкіндік беретіні туралы жазған.

Қазақстан Астана халықаралық форумы арқылы жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке үлес қосуға үміттенеді.

Caspiannews.com:Қазақстан Президенті Германияға мұнай жеткізуді ұлғайту мүмкіндігі бар екенін айтты

3 маусымда Caspiannews басылымы Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Германияға «Дружба» құбыры арқылы мұнай жеткізуді арттыра алатынын мәлім еткенін жазды.

«Дружба» құбыры - Ресейден Шығыс және Орталық Еуропадағы әртүрлі бағыттарға созылған әлемдегі ең ұзын мұнай құбырларының бірі. Президент биыл Қазақстан Германияға мұнай жеткізуді бастағанына тоқталып өтті.

«Жыл басынан бері 90 мың тонна көлемінде мұнай жеткізілді. Бұл көрсеткішті келешекте ұлғайтып, жылына 1,2 миллион тоннаға дейін жеткізу әлеуеті бар»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: akorda.kz

Modern diplomacy: Қазақстан Астана халықаралық форумы арқылы жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосады деп үміттенеді

8 маусымда Modern diplomacy басылымы Еуразияның қақ ортасында орналасқан Қазақстан осы аптада адамзаттың халықаралық ірі проблемаларын шешуде тығыз ынтымақтастыққа ұмтылатын елдерді біріктіру мақсатында Астана халықаралық форумын өткізетіні туралы жазды.

Қазақстанның стратегиялық географиялық жағдайы және дипломатиялық көпір ретіндегі беделі оның әртүрлі елдер мен өңірлердің өкілдерін біріктіру үшін өте қолайлы екенін білдіреді. Сайып келгенде, егер Астана халықаралық форумы табысқа жетсе, ол әлемге орта державалардың халықаралық күн тәртібінде маңызды орын алатын мәселелеріне ықпал ете алатынын хабарлады.

Trend.az: Қазақстан Еуразиядағы ең озық цифрлық хабтардың біріне айналуды мақсат етіп отыр

8 маусымда Trend.az басылымында жарияланған мақалада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 35-ші пленарлық отырысында Қазақстан Еуразиядағы ең ірі және ең озық цифрлық хабтардың біріне айналуға ниетті екенін айтқанын хабарлады.

«Цифрландыру тұтас елдер мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін анықтаушы факторға айналды. 2025 жылға қарай әлемдегі цифрлық нарық 50 пайызға артып, 6,8 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр», - деді ол.

Президент атап өткендей, болжам бойынша 10 жылда әлемдегі тауар өндірісі мен көрсетілетін қызметтердің 70 пайызында цифрлық технологиялар қолданылады.

«Бұл үрдістің Қазақстан үшін аса маңызды екенін анық түсінеміз. Басқаша айтқанда, цифрландыру біз үшін Ұлттық басымдыққа айналды. Біз Еуразиядағы ең ірі және ең озық цифрлық хабтардың бірі болуға ниеттіміз», - деп атап өтті ол.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Сондай-ақ, Тоқаев жақында Қазақстанда Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін БҰҰ-ның цифрлық шешімдер орталығын құруды 62 ел бірауыздан қолдағанын атап өтті.

The Times of Central Asia:Францияның Alstom компаниясы Қазақстанда өндірісті дамытуды жоспарлап отыр

The times of Central Asia ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдеріндегі Alstom француз инжинирингтік компаниясының президенті Эндрю ДеЛеоне компанияның Қазақстандағы қызметін кеңейтуді талқылағанын хабарлады.

«Үкімет тарапынан қолдаудың негізгі факторы – өндірісті локализациялау деңгейінің жоғары болуы. Біз Alstom компаниясының электровоздардың құрамдас бөлшектерін өндіру және қызмет көрсету орталықтарын құру арқылы жұмыс аясын кеңейту ниетін қолдаймыз. Бұл ретте қазақстандық кәсіпорындарды тарта отырып, толық циклмен және жоғары локализациялау деңгейімен толыққанды өндіріс құру мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Өз тарапымыздан біз жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жәрдем көрсетуге дайынбыз»,-деді ҚР Премьер-Министрі.

Фото: primeminister.kz

Премьер-Министрдің айтуынша, компания құзыреттілік орталық ретінде де қызметін дамытуда, нәтижесінде біздің елімізде біліктілігі жоғары инженерлердің жаңа буыны қалыптасып келеді. Қазақстан Үкіметі Alstom компаниясымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Еdition.cnn:Қазақстан неге күрделі геосаяси ландшафтқа тап болғаны жайлы деп бейнежазба жарияланды

Бейнежазбада CNN жүргізушісі Ричард Квест Қазақстанның неге осындай күрделі геосаяси жағдайларға тап болғанын түсіндіреді.

Журналист Астананың тарихына және оның экономикасын әртараптандыруға бағытталған елдің күш-жігеріне тереңірек үңіледі.

«Қазақстан - кең байтақ территориясы бар, бірақ теңізге шыға алмайтын ел. Бір жағында Қытай, екінші жағында Ресей. Жеткізу желілері өте қиын», - деді ол.

Аgenzianova.com:Тоқаев Астана форумын ашып, 2026 жылы БҰҰ-ның климаттық саммитін өткізуді ұсынды

8 маусымда Agenzia Nova баспасы Астана халықаралық форумы (Aif) ең алдымен экологияға әсер ететін сын-қатерлерге қарсы тұру үшін бірлесіп жұмыс істеудің нақты мүмкіндігі екеніне тоқталды.

Сонымен қатар Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен 2026 жылы климаттың өзгеруі жөніндегі келесі өңірлік саммитті өткізуге ниетті. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумдағы кіріспе сөзінде мәлімдеді, деп жазады басылым.


Соңғы жаңалықтар
telegram