«Шетелдіктерге құмар қалыңдықтар неге көбейіп барады?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 6 сәуір, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық - Қазақстан тарихындағы ең қорқынышты беттердің бірі. Биыл 1931-1932 жылдардағы алапат ашаршылыққа 80 жыл толғалы отыр. Осы азалы датаның қарсаңында «Егемен Қазақстан» газеті Президент мұрағатының директоры Владимир Шепельдің «Алапат ашаршылық» деген тақырыптағы мақаласын оқырман назарына ұсынады. «Ашаршылықтың басты себебі сталиндік басшылық пен оның жер-жерлердегі шабармандарының (Қазақстанда: Ф.Голощекин - 1925-1933 жылдар аралығында БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы) аграрлық саясаты болды. Аталған саясаттың негізгі мазмұны ұжымшарлар мен кеңшарларға күштеп орналастыру, жаппай ұжымдастырудың жүргізілуі, ұсақ шаруа өндірістерін жою, зорлап астық дайындау, агротехниканың деңгейін төмендету, шаруалардың аштықтан қашып қалаға жаппай кетуі, ауыл шаруашылығын басқарудың бюрократтық жүйесі, ең соңында азық-түлік мәселесін әкімшілік-қуғындау тәсілімен шешуден тұрды», - деп жазады мақала авторы.

Кеше «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-тың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев еліміздің БАҚ өкілдерімен кездесіп, Қордың бірінші тоқсандағы қаржылық-шаруашылық жұмысының есебі және алда тұрған міндеттері туралы баспасөз мәслихатын өткізді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Табыс толымды,  меже биік» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның жазуынша, қаржы шаруашылық қызметінің 2012 жылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша жоспарлы 3,2 миллиард теңге шығынның орнына, 286 миллион теңге таза пайда тапқан. Бұл негізінен жоспарланған әкімшілік және жалпы шығындарды қысқарту нәтижесінде мүмкін болып отыр. Есепті кезең ішінде Қордың кірісі 19,7 миллиард теңгені құрап, белгіленген жоспар межесінен шыққан.

***

«Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Сенаттың жалпы отырысында «сүйінші» жаңалықтар жария болды. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттермен арадағы екіжақты келісімдердің бұдан былай жалғыз қазақ тілінде жазылатындығын жеткізді! Екіншіден, ел Үкіметі Қ.Мәмидің бастамасын құп алған: кеше енді заңдық құжаттардың қазақша мәтіндеріндегі термин-ұғымдарды түзейтін арнайы топтың құрылатындығы жарияланды. Тағы бір сүйсінткен жайт: Жоғарғы палатаның осы күнгі жиынында ұлтжанды депутаттар қатарының толыққандығына куә болдық», - деп жазады «Айқын» газеті. Сонымен Сенаттың жалпы отырысындағы сүйінші жаңалықтармен егжей-тегжейлі білгіңіз келсе басылымдағы «Причем тут руский язык?» деген тақырыптағы мақалаға назар аударыңыз.

«Айқын» газетінің жазуынша, Семей қаласындағы дүкен сөрелерінде жапсырма қағазында «Алла» деген жазуы бар арақтың пайда болғандығы туралы ақпарат ел кезіп жүргелі қашан. Егер семейлік азамат Еркебұлан Нұғманов болмағанда ащы су әлі қанша уақыт сатылатындығы белгісіз еді. «Арам су шығаратын Ақтөбе қаласындағы «Геом» серіктестігінің басшылары лезде шара қолдану орнына алғашқыда бар мәселені жапсырма қағаздарды алдыратын ресейліктерге аудара салды. Тек қоғамдық пікір күшейген соң ғана арабша жазуы бар арақты шығарған кәсіпорын Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы алдында кешірім сұрапты», - деп жазады басылым «Көргенсіздігі үшін кешірім сұрады» деген тақырыптағы мақаласында.

***

«Алаш айнасы» газетінің алғашқы бетіндегі «Шетелдіктерге құмар қалыңдықтар неге көбейіп барады?» деген мақалада еліміздің оңтүстігіндегі газет тілшісі қазақылықтың қаймағы сақталған оңтүстіктің өзінде бұл жат үрдіс соңғы жылдары кең етек алып баратындығы туралы дабыл қағады. Мамандардың бағалауынша, өзге емес, өз елімізде жатжұрттықтардың ұрпақ көбейтуі қауіп-қатер факторына жатады екен. Мәселен, қытайлықтардың. Сондықтан тілші сыртқа қызын бермейтін арабтар мен шетелдіктер үшін қалың мал көлемін аспандатып қоятын түркімендіктер секілді мемлекет тарапынан бір шара қолданса деген ұсыныс білдіреді. Осы мәселеге қатысты жекелей статистика мен маман пікірлерімен танысқыларыңыз келсе, аталған мақаламен таныс болыңыздар.

Сонымен қатар осы басылымдағы «ДСҰ-ға кірмей жатып алаңдауға негіз бар ма?» деген мақалада кеңес дәуірінде жиі айтылатын «байлық белгісі» болған,  бүгіндері көпшілік үшін күнкөріс құралына айналған автокөлікті өндірушілердің ДСҰ-ға кіргеннен кейінгі күніне алаңдаушылық білдіруі негізге алынған. Еуразия экономикалық комиссиясының сауда министрі Андрей Слепневтің айтуынша, автоқұрастыру процесін ынталандыру оңайға соқпайды. Себебі Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген соң  автокөлікке төленетін кеден бажы мен кедендік баға мөлшерлемесі сөзсіз төмендейді. Демек шетелдік көлік бағасы да арзандайды.  Сондықтан ел аумағындағы автокөлік құрастырушылар бекерге алаңдап отырған жоқ.  Көне көлікке тосқауыл қойып, енді ғана құлашын жая бастағанда қолға алынған жобалардың күні не боларын болжау қиын емес. Ондай жағдайда отандық автомобиль индустриясын өркендету туралы сөз қозғаудың өзі артық.

***

«Қазақстан Жазушылар одағы балалар авторларын іздеуде», - деп жазады «Литер» газеті «Поис ведут...» деген тақырыптағы мақаласында. Мемлекеттік тілдегі қазіргі заманғы балалар әдебиеті Қазақстан Жазушылар одағы үшін проблемаға айналып отырған көрінеді. Өйткені балаларға арнап жазатын авторлар өте аз. Бар қаламгерлердің өзінің жарияланымдары аз тиражбен шығарылады. Мәселен, 2011 жылы жарық көрген әдебиеттің арасындағы балалар әдебиетінің үлесі не бәрі 0,6 пайызды ғана құраған.

***

«Экспресс К» газетінің жазуынша, елордада жасөспірімдер арасындағы хоккейден ел чемпионатында жас спортшылар жаппай уланып қалған. Өскеменнің «Торпедо» командасының 9 ойыншысы мен «Астананың» 6 хоккейшісі тамақтан уланып ауруханаға түскен. Турнирге қатысушылардың барлығы да жарыс өтіп жатқан мұз айдынының «Барыс» дәмханасынан тамақтанған. «Таңертеңнен бұл жерге әкімдік пен СЭС-тен комиссия келді. Барлық ойыншылардан сараптама алды. Дәмхана жабылды», - депті басылымға Қазақстан Хоккей федерациясының жауапты хатшысы Глеб Каратаев.

Соңғы жаңалықтар