Шетелдік азық-түлікті мемлекеттік сатып алуға екі жылға шектеу қойылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Үкіметі 2026 жылғы 23 қарашада «Ұлттық режимнен алып тастауды белгілеудің кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдады.

Шетелдік азық-түлікті мемлекеттік сатып алуға екі жылға шектеу қойылады
Фото: Kazinform

Құжатқа сәйкес, мемлекеттік сатып алу кезінде шетелде өндірілген азық-түлік тауарларына ұлттық режим қолданылмайды. Қазақстан аумағында өндірілмейтін тауарларға бұл шектеу жүрмейді.

Мемлекеттік сатып алуға қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген жеке және заңды тұлғалар ғана қатыса алады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісіп, қаулы қабылданған күннен бастап 10 күн ішінде ұлттық режимнен алып тасталатын тауарлардың тізбесін кодтарын көрсете отырып бекітуге және мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органға ұсынуға тиіс.

Қаулы 6 желтоқсаннан бастап күшіне енеді және екі жыл бойы қолданылады.

Құжат конституциялық құрылыс негіздерін қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғау, ұлттық экономиканы дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында қабылданған.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік сатып алуда отандық тауарлар тізімі кеңейтіліп жатқаны хабарланды.