Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Ресей мен Франция президенттерінің сапары және Абу-Даби – Түркістан әуе рейcі
Осы аптада шетелдік БАҚ-та Түркі тілді ақпарат агенттіктерінің альянсы, Абу-Даби – Түркістан бағытында әуе рейcі, Қазақстанға Франция мен Ресей президенттерінің сапары туралы мақалалар легі жарияланды. Толығырақ Kazinform сарапшысының шолуында.

Anadolu: Түркі тілді ақпарат агенттіктерінің альянсы құрылды
Түркияның Anadolu агенттігі 6 қарашада Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен түркі тілді елдердің медиа саммиті аясында Түркі тілді ақпарат агенттіктерінің альянсын құру туралы декларацияға қол қойылғанын хабарлады.
Альянс құрамына «Qazcontent» АҚ (Қазақстан), Anadolu ajance (Түркия), AZERTAC (Әзірбайжан), KABAR (Қырғызстан), UZA (Өзбекстан) халықаралық ақпарат агенттіктері мүше болды.
Бұдан былай түркітілдес мемлекеттер арасында ақпарат алмасу, жалған жаңалықтарға қарсы бірлесе күресу және өзара тәжірибе алмасу жеңілдейді. Бұдан бөлек «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы бірлік және болашаққа көзқарас» тақырыбында өткен Түркі мемлекеттері ақпарат агенттіктерінің медиа-форумында цифрлық құралдарды тиімді қолдану және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы да талқыланды.
Zawya: Абу-Даби – Түркістан бағытында ұшақ билеттері сатылымға шықты
Zawya агенттігі Біріккен Араб әмірліктерінің «Wizz Air Abu Dhabi» ұлттық компаниясы Орталық Азияның ең маңызды тарихи қалаларының бірі Түркістанға әуе рейcін ашатыны туралы хабарлады. Жаңа бағыт қос қала тұрғындары және қонақтары үшін туристік мүмкіндіктерді кеңейтеді деп күтіледі. Алғашқы рейсті 2024 жылы ақпан айында іске қосу жоспарланған. Билеттер қазірдің өзінде сатылымға шықты. Wizzair.com ресми сайты және мобильді қосымшасында сатылады. Билет бағасы 20 мың теңгеден (159 дирхам) басталады. Рейстер аптаның сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндеріне белгіленіп отыр. Айта кетейік, Wizz Flex көмегімен жолаушылар билет брондай алады. Сонымен қатар рейсті ұшу уақытынан үш сағат бұрын ешқандай комиссиясыз өзгерте алады. Авиакомпанияның несиесі ретінде жол жүру құнының 100 %-ын өтеледі.
«Wizz Air Abu Dhabi» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Йохан Эйдхагеннің айтуынша, таңғажайып пейзаждары мен бай мәдениетінің арқасында Қазақстанға, оның ішінде Түркістан өңірінің туристік әлеуетіне саяхатшылардың қызығушылығы артып келеді. Ежелгі Жібек жолын зерттегісі келетіндер үшін қызықты әрі қолжетімді саяхат ұсынылып отыр. Түркістанға ашылып отырған жаңа бағыт аталған әуе компаниясының Қазақстандағы үшінші желісі болып саналады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан халықаралық әуежайы Ыстанбұл және Әл-Кувейт секілді халықаралық, сондай-ақ Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды сынды республика ішілік әуе бағыттарына қызмет көрсетіп келеді.
Foreignpolicy: Қазақстан көшбасшысы бейтараптықты өнерге айналдырып отыр
Foreignpolicy ақпарат агенттігі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Қытай және Батыс арасында тепе-теңдікті сақтай отырып, өз мүмкіндіктерін барынша арттырып келеді» деп жазды.
Қазақстанның тәуелсіз саясаттанушысы Димаш Әлжанов Foreign Policy басылымына берген сұхбатында: «Қазақстан басты қатысушылардың қажеттіліктерін түсінеді және барлығының көңілінен шығып, санкцияларға ұшырамау үшін барын салып жатыр», - деп жазды.
Reuters: «Көпполярлы әлемді қалыптастыру үдерісі тым ауыр жағдайда өтіп жатыр»
7 қараша күні Reuters ақпарат агенттігі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Известия» газетіне берген сұхбатында дүниежүзінің әр қиырында қақтығыстар, санкциялық текетірестер, сауда соғысы өршіген жағдайда заманауи көпполярлы әлемді қалыптастыру үдерісі тым ауыр жағдайда өтіп жатыр деп мәлімдегенін хабарлады.
Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Известия» газетіне берген сұхбатында «кез келген қайшылықты БҰҰ Жарғысының нормалары мен қағидаттарына сай шешуге болатынына кәміл сенетінін» айтқан.
«Алайда парасат пен ынтымақ жікке бөліну мен өзімшілдіктен үстем боларына сенімдімін. Әлем тарихында мұндай мысалдар жеткілікті. Түптеп келгенде, жаһан жұрты ұзақмерзімді бейбітшілік орнайтын күнге жетеді», - деді ол.
Anadolu:Кремльде Путиннің Қазақстанға сапары Еуропаның Астанамен байланысына «тәуелсіз» екенін мәлімдейді
Anadolu агенттігі Владимир Путин Қазақстанға келер алдында Кремль «бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты дамытуға бағытталған» деп мәлімдегені туралы жазды.
Мақалада Кремль Путиннің бейсенбіде Қазақстанға сапар шегетіні, оның барысында қазақстандық әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер жүргізетіні, Қостанай қаласындағы 19-шы Ресей-Қазақстан өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнеконференция режимінде қатысатыны және бірқатар келісімдерге қол қоятыны туралы айтылған.
Еmerging-europe: Тиімді жеке қаржыны жұмылдыру - Қазақстандағы әртараптандырудың кілті
Еmerging-europe агенттігі 7 қарашада Қазақстанның «Бәйтерек» мемлекеттік холдингінің реформасы ұзақ мерзімді дамуға әсер етіп, тиімді қаржы нарықтарын дамытып, жеке капиталды тиімді жұмылдыра алады деп хабарлады. Мақалада Дүниежүзілік банктің жаңа есебіне сәйкес, өзінің толық әлеуетіне қол жеткізу үшін Қазақстанның «Бәйтерек» мемлекеттік холдингі өзінің басқаруын, ұйымдық құрылымын және қызметін орта мерзімді дамуға әсер ету мен қаржы нарығын құруға көбірек көңіл бөлуі қажеттігі туралы жазылған.
«Бәйтерек» – экономиканың өндіруші емес секторларын, соның ішінде ШОБ, ауыл шаруашылығы және тұрғын үй құрылысын жеңілдетілген қаржыландыру және қомақты мемлекеттік ресурстарды пайдалана отырып, тәуекелдерді бөлу арқылы дамытуға арналған қазақстандық мемлекеттік холдинг.
2022 жылға қарай «Бәйтеректің» шоғырландырылған активтері елдің ЖІӨ-не қатысты шамамен 12% - ға дейін өскен.
Euractiv:Қазақстан тартымды «ядролық» ойыншыға айналып келеді
Euractiv агенттігі 7 қарашада Қазақстан өз тарихындағы алғашқы атом электр станциясын салу туралы референдум өткізуге дайындалып жатқан кезде, уранға бай ел Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде ядролық энергетика және стратегиялық пайдалы қазбалар саласындағы тартымды ойыншыға айналып, барған сайын халықаралық қауымдастықтың назарын өзіне аударып отырғаны туралы жазады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында Қазақстан жақын арада өзінің алғашқы атом электр станциясын салу не салмауын шешу үшін референдум өткізетіні туралы мәлімдеді. Орталық Азияның ең үлкен және ресурстарға бай елі болып саналатын Қазақстанның Үкіметі электр энергиясын өндіру қуаттарын әртараптандыру қажет деп, бұл идеяны көптен бері талқылап келеді. Тіпті Алматы облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде АЭС салынуы мүмкін орынды айқындап та қойды.
«Бізде технологиялар да, ресурстарымыз да бар және Қазақстан халқы жалпыұлттық референдумда осындай қадамды қолдап дауыс берген жағдайда атом энергетикасын дамытуға ерік - жігеріміз де жеткілікті»,-деді Euractiv қатысқан Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.