Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: ЮНЕСКО басқарушы органына мүшелік, бұйырмаған Еуро-2024 жолдамасы

Осы аптада шетелдік БАҚ-та Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетінің мүшесі болып сайланғаны, Мажарстанмен сауда көлемі, Ираннан Қазақстанға шикізаттық емес экспорттың өсуі, елімізден шетелге қанша тонна ет сатылғаны туралы мақалалар легі жарияланды. Толығырақ Kazinform сарапшысының шолуында.

БАҚ-қа шолу
Коллаж: freepik.com/ kff.kz/ ҚР СІМ/ midjourney

 

Bnn.network: Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланды

Bnn network агенттігі 23 қарашада Қазақстан 2023-2027 жылдарға Дүниежүзілік мұралар комитетінің мүшесі болып сайланғаны туралы хабарлады. Қазақстан Дүниежүзілік мәдени мұраны қорғау жөніндегі конвенцияға мүше мемлекеттері Бас ассамблеясының 24-ші сессиясында дауыс беру нәтижесінде 2023-2027 жылдарға ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетінің мүшесі болып сайланды. Қазақстан аталған беделді органда 2013-2017 жылдары да жұмыс атқарған және алдағы қызметіне лайықты үлес қосуға дайын.

Ел кандидатурасына 118 мемлекет қолдау білдірген. Қазақстанмен қатар Комитет құрамына тағы сегіз жаңа мүше сайланған. Олар Вьетнам, Кения, Корея Республикасы, Ливан, Сенегал, Түркия, Украина және Ямайка.

Anadolu: Қазақстан Президенті Тоқаев Газа төңірегіндегі оқиғалар әлемдік қауымдастықты кем дегенде екі лагерьге бөлгенін айтты

Anadolu агенттігі Минскіде өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) кеңесінің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы қақтығыс ауқымы жағынан жаһандық ақпараттық және идеологиялық текетірес тудырғаны туралы мәлімдегенін хабарлады.

«Газа секторы төңірегінде болып жатқан оқиғалар әлемдік қоғамдастықты екіге жарды. Соғыс өрті барлық ел мен континентті шарпымай тұрғанда тоқтағаны жөн», - деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сессия барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті аспектілері талқыланған. Сонымен қатар ұйым қызметінің басты бағыттары бойынша биыл атқарылған жұмыстардың қорытындысы жасалып, алдағы кезеңнің жоспары айқындалды. Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Trend.az: Қазақстан шетелге 118,3 миллион долларға ет сатты

Trend басылымы 24 қарашада биылғы тоғыз айда (қаңтар-қыркүйек) шетелге қанша тонна ет сатқаны туралы мәлімдеді.

«Биылғы тоғыз айда (қаңтар-қыркүйек) Қазақстаннан 121,7 млн ​​долларға 42,4 мың тонна ет және ет өнімдері экспортталған, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,5%-ға артық (32,2 мың тонна)», - деп хабарлайды Trend

Нақтырақ айтқанда, жыл басынан бері 118,3 миллион долларға 40,3 мың тонна ет экспортталса, өткен жылы бұл көрсеткіш осы кезеңде 104 миллион долларға 30,4 мың тонна ет болған еді. Өсім +32,5 %.

Бұл экспорттың ең көп көлемі мұздатылған сиыр етіне қатысты – 4,4 есе өскен (171 тонна – 2023 ж., 38,3 тонна – 2022 ж.). Бұл ретте салқындатылған ірі қара етінің экспорты өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 12,6%-ға төмендеді (2023 жылы 11,8 мың тонна, 2022 жылы 13,5 мың тонна).

Hungarytoday: Қазақстан- Мажарстан жылдық сауда көлемі 1 миллиард долларға жетуі мүмкін

Hungarytoday агенттігі Венгриядағы Қазақстан-Мажарстан стратегиялық кеңесінің 6-шы отырысында Мажарстан мен Қазақстан екіжақты тауар айналымын мүмкіндігінше тезірек жылына бір миллиард долларға жеткізу міндетін қойғаны туралы хабарлады.

«Бізде бұған қол жеткізуге толық мүмкіндік бар», - деді Мажарстан Қаржы министрі Михали Варга.

Қазақстан тарапының статистикасы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 172 млн АҚШ долларын құрады, ал осы жылдың 9 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға ұлғайған.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерін талқылады. Делегация басшылары сауда-экономикалық саладағы қазақ-мажар ынтымақтастығы екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің басты қозғаушы күші екенін атап өтті.

Reuters: Словения Қазақстанды жеңіп, Еуро-2024 турниріне жолдама алды

Reuters агенттігі футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы Словения командасына есе жібергенін хабарлады. Енді Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасы арқылы Еуропа чемпионатына шығуына мүмкіндігі бар. Келесі ойын 2024 жылдың наурыз айында Грекиямен болады.

Economictimes: Қазақстан Үндістанды Astana Hub технопаркіне инвестиция салуға шақырады

Economictimes агенттігі Қазақстан Үндістанды Astana Hub технопаркіне инвестиция салуға шақырды деп хабарлады.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Үндістанды биылғы G20-ға төрағалығының табысты аяқталуымен құттықтады. Астана мен Нью-Дели арасындағы стратегиялық серіктестікке тоқтала отырып, ол Қазақстан мен Жаһандық оңтүстік арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, көлік байланысын арттыру және көлік бағыттарын әртараптандыру қажеттігін атап өтті.

Tehrantimes: Иранның Қазақстанға шикізаттық емес экспорты 7 айда 12%-ға өсті

Tehrantimes агенттігі Иранның Қазақстанға шикізаттық емес экспорты биылғы алғашқы жеті айда (21 наурыз бен 22 қазан) өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға артқаны туралы мәлімдеді.

Иранның Өнеркәсіп, кен орындары және сауда үйінің Сауданы дамыту комиссиясының өкілі Рухолла Латифи биылғы жеті айда Иран Қазақстанға 104,412 миллион долларға мұнай емес тауарларын экспорттағанын айтты.

Ол сондай-ақ Иран биылғы алғашқы жеті айда Қазақстаннан 42,882 миллион долларға тауар импорттағанын, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 51%-ға төмендегенін хабарлады. Иран мен Қазақстанның жылдық сауда айналымы да өткен жылы 20 %-ға өсті.

Соңғы жаңалықтар