Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Жылу электр стансаларын салу және АӨСШК кеңейту

баспасөз
Коллаж: Midjourney / Kazinform

Осы аптада шетелдік БАҚ-та жаңа жылу электр станцияларын салу туралы келісім, алғашқы атом электр станциясы құрылысының құны және АӨСШК-нің кеңеюі туралы мақалалар жарияланды. Толығырақ Kazinform сарапшысының шолуында.

Akipress.com: Қазақстан мен Ресей үш ЖЭО салу жөнінде келісімге қол қойды

Akipress.com ақпарат агенттігі Қазақстан үкіметі ресейлік серіктестермен Көкшетау, Семей және Өскеменде жылу электр станцияларын салу туралы келісімге қол қойғаны туралы хабарлады.

«2027 жылы Семей мен Көкшетауда қосымша жылу электр станциялары салынады. Сонымен қатар Өскеменде 2030 жылы пайдалануға берілетін жылу электр орталығын салу жоспарлануда», - делінген Akipress.com мақаласында.

Келісімшарттарға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербургке ресми сапары барысында қол қойылған. Сондай-ақ, мақалада үш жылу электр станциясының дамуы елдегі электр энергиясын өндірудің жалпы қуатын арттыруға мүмкіндік беретіні туралы жазылған.

Caspian news:Қазақстандағы алғашқы АЭС құны 15 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін

Caspian news агенттігі Қазақстанда атом электр стансасын салу мүмкіндігін талқылап, «Қазақстан атом электр станциялары» компаниясының басшысы Тимур Жантикинге сілтеме жасай отырып мақала жариялады. Ол елдегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы 15 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін екенін айтқан.

«Бірінші станцияның құны 10-15 миллиард долларды құрайды. Қазір қаржыландыру көзі пысықталып жатыр», - дейді Тимур Жантикин.

Басылымның хабарлауынша, Тимур Жантикин қазіргі уақытта жоба жүзеге асырылып жатпағанын және осы уақытқа дейін жасалған күш-жігер жоба алдындағы іс-шаралардың бір бөлігі екенін атап өтті. Сонымен қатар, мақалада Қазақстанда атом электр стансаларын салу мәселесі жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша шешілетіні жазылған.

Apa.az: Қазақстан тәліптерді тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығарды

Әзербайжандық Apa.az медиахолдингі Қазақстан тәліптерді тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығарып тастады деп хабарлады.

«Қазақстан билігі тәліптерді тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығару туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді», - деп хабарлайды Apa.az.

Budapest Business Journal: MOL компаниясы Қазақстандағы газ кен орнында өндіріс бастады

Budapest Business Journal іскерлік журналы Қазақстан, Мажарстан және Қытай компанияларының Қазақстандағы газ кен орнында өндіріс бастағаны туралы мақала жариялады.

«MOL компаниясы (Венгрия мұнай компаниясы) Қазақстанның батысындағы Рожков газ конденсаты кен орнында бірінші ұңғыма тәулігіне 300 мың текше метр шикі газ дебитімен өндіруді бастағанын хабарлады. Бір ұңғыма өндірісінде болған тәжірибелік кезеңде Рожковское кен орнында топтық деңгейде тәулігіне 1300 баррель мұнай өндіріледі деп күтілуде», - делінген мақалада.

Журналдың мәліметінше, тағы төрт ұңғыма 2024 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі, бұл тәулігіне 1,5 млн текше метр газ өндіруді ұлғайтуға мүмкіндік береді.

AzerNews: Сауд Арабиясы АӨСШК-ге оныншы бақылаушы мемлекет ретінде қосылды

Azernews газеті Сауд Арабиясының Азиядағы өзара іс-қимыл және Сенім Шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) бақылаушы мемлекет ретінде қосылғаны туралы жазады. Агенттіктің мәліметінше, Қазақстан ұйымға 2024 жылға дейін төрағалық етеді.

«Сауд Арабиясы – Парсы шығанағы елдерінің бірі. Қазірдің өзінде осы өңірдің Бахрейн, Катар, Кувейт және БАӘ сияқты мемлекеттері АӨСШК ұйымына белсенді қатысушы ретінде кіреді. Сауд Арабиясы Корольдігінің бақылаушы мәртебесі АӨСШК-дегі осы субаймақтың өкілдігін одан әрі кеңейтіп, осылайша Азиядағы ынтымақтастықты байытады», - делінген Azer News мақаласында.

The Hindu: Махатма Ганди университеті Қазақстан университетімен бірігіп қызмет етеді

Үндістанның Тhe Hindu газеті Коттаям қаласындағы Махатма Ганди университеті (МГУ) Қазақстандағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен әлеуметтік маңызды ғылыми-зерттеу бағдарламаларын жүзеге асыру үшін бірігіп жатқанын хабарлады.

«Махатма Ганди университеті проректоры К. Т. Аравиндкумар қазақстандық ЖОО басшылығымен кеңес өткізді. Ресми мәлімдемеде серіктестікте климаттың өзгеруі және су тазарту сияқты тақырыптар басымдыққа ие болатыны және бұл ұсыныстарды қазақстандық қаржыландыру агенттіктеріне жіберуге болатыны айтылған», - делінген The Hindu мақаласында.

Аравиндакумар мырзаның айтуынша, екі университет арасында жақында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған стратегиялық қадам.

Соңғы жаңалықтар